Қызылордада АЭС салу мәселесі бойынша жария талқылау өтті
Сейсенбі, 30 шілдеде Қызылорда облысында Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жария талқылау өтті.
ҮЕҰ өңірлік Альянсы мен облыстық Қоғамдық кеңес ұйымдастырған іс-шараға мемлекеттік мекемелердің, қоғамдық кеңестің, үкіметтік емес ұйым өкілдері, қоғам қайраткерлері, еңбек ардагерлері, экологтар, саяси партиялардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және облыс тұрғындары қатысты.
Талқыланатын тақырып бойынша кездесуде ҚР Энергетика министрлігінің, "ҚР Ұлттық ядролық орталығы" РМК, "Қазақстандық атом электр станциялары" ЖШС, "Ядролық физика институты" РМК өкілдері сөз сөйледі. Олар атом электр станцияларын салудың артықшылықтары, жұмыс принциптері және атом станцияларының қоршаған ортаға және адамдардың денсаулығына әсер ету деңгейі туралы айтты. Сондай-ақ, мамандар Қазақстанның атом энергетикасын дамытудағы техникалық аспектілері, әлеуеті және АЭС салу кезіндегі елдің даму перспективалары туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.
Талқылау барысында қатысушылар өздерін толғандыратын сұрақтар қойды. Олар бірінші кезекте АЭС қауіпсіздігіне, оны пайдалануға, жобаны қаржыландыруға, кадрлар даярлауға, сондай-ақ қазіргі жағдайға және отандық энергетикалық кешеннің даму болжамына қатысты болды. Облыс ардагерлері мен қоғам белсенділері жобаны іске асырудың барлық кезеңдерінде ашықтықты, сонымен қатар, шешім қабылдау барысында жұртшылықтың кеңінен қатысуын қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар АЭС құрылысының өзектілігін атап өтіп, оның елдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін, оның ішінде энергетикалық кешенді ұлғайту, адамдардың өмір сүру сапасын арттыру үшін маңыздылығына тоқталды. Қызылордалықтардың пікірінше ауқымды жоба туралы жұртшылықты кеңінен хабардар ету қажет. Оны жүзеге асыруда барлық қазақстандықтардың қолдауы маңызды.
Сенаторлар кеңесінің мүшесі, саяси ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Бақтиярұлы: «Елімізде атом электр стансасын салу мәселесі көптен бері көтеріліп келеді. Мен Қазақстан Республикасы Президентінің осы мәселе бойынша референдум өткізу туралы бастамасын толық қолдаймын. Бұл дұрыс, өйткені мұндай маңызды міндетті шешу үшін халықтың пікірі қажет. Мен көптеген елдерде болдым, қазір республикамызда атом электр станциясын салу қажет екеніне көзім жетті. Біріншіден, Қазақстанда электр қуатының тапшылығы артып келеді. Біз уран өндіруден әлемде бірінші орындамыз. Ал бұл саланы одан әрі дамытуда бізде қиындықтар болмайды деп ойлаймын.
Екіншіден, жаңа энергетикалық жоба ғылыми-техникалық прогреске серпін береді. Үшіншіден, көптеген жетекші елдерде атом электр станциялары бар, соның ішінде Еуропа, Қытай, Ресей, АҚШ, Жапония. Ал Қазақстан да әлемдік державаларға ілесе отырып, заман талабына сай болуы керек. Тағы бір мәселе атом электр станцияларын кім салады және қай жерде орналасады. Бұл мәселелерде әлемдік тәжірибені қолдану маңызды. Халқымыз референдумда еліміз үшін соншалықты маңызды әрі қажетті атом электр станциясының құрылысын қолдайды деп ойлаймын».
И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжінің директоры Бақытжан Әбдікәрімов: «Бүгін отырысқа қатысушылар ең маңызды үш тақырып – АЭС салу қажеттілігі, оның қауіпсіздігі және халыққа АЭС қандай пайда әкелетінін талқылады. Қауіпсіздік туралы айтқанда, қауіпсіздік шаралары сақталмаған Чернобыль АЭС-індегі қайғылы оқиға жұртшылықтың санасында күшейе түскені анық. Осыған қарамастан, бүгінде Украинада бес атом электр станциясы жұмыс істейді. Ал Жапонияда Фукусима атом электр станциясындағы апатқа қарамастан, адамдар атом энергиясынан бас тартқан жоқ, қазір бұл елде 21 реактор жұмыс істейді. Бүгінгі таңда әлемнің 18 елі 57 ГВт электр энергиясын өндіреді. Қазір энергияға үлкен қажеттілік бар. Атом электр станциялары жаңа қуат, зор қуат көзі екені анық. Жердің байлығын, қазынасын халық игілігіне жұмсауымыз керек. Сондықтан біз өз елімізде атом электр станциясын салуға тиіспіз».
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаны одан әрі ілгерілетуде барлық айтылған пікірлер мен ұсыныстар ескерілетін болады. Еске салайық, биылғы жылдың маусым айында Мемлекет басшысы референдумның осы күзде өтетінін мәлімдеген болатын. Мемлекет басшысы атап өткендей, біздің елімізде шын мәнінде атом энергетикасын дамыту үшін зор мүмкіндіктер бар. Оларды дұрыс және тиімді пайдалану маңызды. Бұл мәселе бойынша түпкілікті шешімді халық қабылдайды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -