Әзірбайжан елшілігі Маңғыстауда «Халықтар достығы бағын» ашуды ұсынды
Бүгін, 5 қыркүйек күні, облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Атамогланов Агалар Рагим оглымен кездесті.
Кездесу барысында екіжақты саяси, сауда-экономикалық, көлік-логистика, энергетика, мәдени-гуманитарлық және өзге де салалардағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, Атамогланов Агалар Рагим оглы 2024 жыл Әзербайжан елінде Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевтің жарлығымен «Жасыл әлеммен ынтымақтастық жылы» деп жарияланғанын атап өтті. Осыған орай, 2024 жылдың күзіне жоспарланған БҰҰ қолдауымен өтетін СОР-29 «Қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруіне қарсы жаһандық күрес» халықаралық конференциясы аясында «Әзербайжан және Қазақстан халықтарының достық аллеясы» жобасын жүзеге асыруды ұсынды. Бұл жоба бойынша 150 ағаш, оның ішінде Әзербайжаннан әкелінген Қызыл кітапқа енген ағаштарды отырғызып, «Халықтар достығы» деген жазуы бар стела орнату көзделіп отыр.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай екі ел арасындағы достық қарым-қатынас өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтатынын атап өтіп, ұсыныстарға қолдау білдірді.
- Әзербайжан және Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынас біздің елдеріміздің түрлі салалардағы өзара тиімді ынтымақтастығын нығайтып келеді. Сіздің «Халықтар достығы бағы» жобасына қатысты ұсынысыңызды қолдаймыз. Бұл бастама қоршаған ортаны қорғаудағы ортақ күш-жігерімізді, достық қарым -қатынасымызды айғақтайды, - деді Нұрдәулет Қилыбай.
Айта кетсек, Әзербайжан Маңғыстау облысының сыртқы сауда қатынастарында маңызды рөл атқарады. 2024 жылғы қаңтар-маусым айларында Маңғыстау облысы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы сыртқы сауда айналымы 38,3 млн АҚШ долларын құрады. Экспорт 35,2 млн АҚШ долларын, ал импорт 3,1 млн АҚШ долларын құрады.
Маңғыстау облысында экономиканың түрлі салаларда Әзірбайжан капиталының қатысуымен 229 кәсіпорын тіркелген.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -