Үздік журналистер марапатталды
«Abai Media Week-2024» журналистер форумы аясында облыс әкімінің «Журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін» сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне қоғамды біріктіру мен саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге қосқан үлестері үшін алғыс білдірді. Шара барысында өңір журналистеріне, сала ардагерлеріне Алғыс хаттар, дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыстады.
«Жауапты салада қызмет етіп жүрген әрқайсыңыздың табанды еңбегіңіз – халықтың әл-ауқаты мен руханиятына, адалдық пен шындықтың салтанат құруына зор үлес қосуда. Сіздер – елдің мұңы мен мұқтажын, талабы мен тілегін айқын жеткізіп келесіздер. Мемлекет басшысы өз сөзінде «Түптеп келгенде, мемлекет те, журналист те ұлт үшін қызмет етеді, ел тағдырын шешуге атсалысады» деген еді. Ақпарат айдынында халыққа объективті әрі шынайы жедел хабар таратып, кәсіби біліктің озық үлгісін көрсету зор жауапкершілік! Әрқашан қызметтеріңізге адалдық танытып, бұқара мен биліктің арасын жалғап, сенімін нығайта беріңіздер!», - деді облыс әкімі өз құттықтауында.
Байқау «Әділетті Қазақстан», «Еңбек адамы», «Мерейлі отбасы», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Таза Қазақстан», «Ауыл – Ел бесігі», «Білімді ұлт», «Дені сау ұлт», «Киелі Абай елі» және «Объективтегі өмір» номинациялары бойынша ұйымдастырылып, оған 50-ге жуық журналист өз еңбектерін ұсынды. Жеңімпаздарға арнайы естелік сыйлықтар да табысталды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 25 маусымдағы Жарлығына сәйкес, еліміздегі журналистика мен телевизияны дамытуға қосқан елеулі үлестері үшін «Qazaqstan» Ұлттық арнасының Абай облысы бойынша меншікті тілшісі Ержан Жақып, «Казправда» республикалық газетінің облысымыздағы меншікті Флора Левина «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Ал «Хабар» арнасының Абай облысындағы тілшілер қосынының операторы Медет Өмірханов «Шапағат» медаліне лайық деп танылды.
Сондай-ақ, «Байуақов ТВК-6» ЖШС директоры Омарбек Байуақов, директордың кеңесшісі Сүйеубай Байқадиев «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталды. «Байуақов ТВК-6» телеарнасының тілшісі Вера Кропачева мен Көкпекті аудандық «Жұлдыз-Новая жизнь» газетінің бас редакторы Дархан Дүйсембаев «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -