Жаңа зерттеу университеті ашылуда
Жаңа зерттеу университеті ашылуда
2024 жылдың 14 тамызында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Cardiff University арасында Астана қаласында халықаралық деңгейдегі Зерттеу университетін құру туралы меморандумға қол қойылды.
Cardiff University 1883 жылы құрылған және әлемге танымал академиялық және ғылыми әлеуетке ие. Университет Ұлыбританияның ең үздік 25 оқу орнының қатарына кіреді және Ұлыбританияның жетекші зерттеу университеттерін біріктіретін беделді RussellGroup тобының мүшесі болып табылады. Оқу орны медицина, биология, инженерия және әлеуметтік ғылымдар сияқты бағыттарда жетекші университет саналады. Әсіресе, онкология, кардиология және инновациялық технологиялар саласындағы зерттеулер ерекше орын алады. Кардифф университетін көптеген танымал тұлғалар, соның ішінде медицина саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты, профессор сэр Мартин Эванс, химия саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты профессор Роберт Хубер, Ұлыбританияның Лейбористік партиясының бұрынғы көшбасшысы және Еуропалық комиссияның вице-президенті Нил Киннок, сондай-ақ BBC жаңалықтар жүргізушісі Хью Эдвардс тәмамдаған.
Меморандумға сәйкес, Кардифф университеті жобаның негізгі серіктесі ретінде қатысады. Cardiff University халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вице-канцлері, профессор Рудольф Аллеманның айтуынша, «Бұл ынтымақтастық Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы жоғары білім беру саласындағы қарым-қатынасты жақындатады». Жобаны жүзеге асыру үшін Астана қаласының әкімдігі 10 га жер бөлді. Жобаны қолдайтын Qualified Centre of Education Public Foundation қазақстандық инвесторы университет ғимараты мен қажетті инфрақұрылымды салуды қамтамасыз етеді.
Министр С.Нұрбек пен вице-канцлер, профессор Венди Лернер және департамент директорлары арасындағы кездесуде Кардифф университетінің инженерия, жасанды интеллект, тұрақты даму, медицина және биотехнология сияқты негізгі бағыттар бойынша білім беру бағдарламалары мен зерттеу технологияларын жүзеге асыру жөнінде келісімге қол жеткізілді. Жаңа университетке студенттерді қабылдау 2025 жылдың қыркүйек айында жоспарланып отыр.
Кардифф университетімен ынтымақтастық жоғары білімді трансформациялауға, сапалы білім беруді дамытуға және елдің зерттеу әлеуетін күшейтуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болады деп күтілуде.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -