Жамбыл облысында 690 шақырымнан аса жол жөндеу жұмыстары жүруде
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жол сапасына кепілдік беру мерзімін ұзарту бойынша жұмысты жүйелеуді тапсырды. Бұл туралы ол жергілікті автомобиль жолдарының жай-күйі және қоғамдық көлікпен жолаушылар тасымалын ұйымдастыру мәселесі қаралған аппараттық кеңесте айтты.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықов баяндама жасады.
Биыл жол саласында 357 жобаны іске асыру, оның ішінде 690,5 шақырым жолға құрылыс, қайта жаңғырту, орта жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген.
Бүгінде 219 жоба бойынша жұмыстар аяқталды.
2024 жылдың қортындысына сәйкес жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесін 99 пайызға, елді мекен көшелері бойынша бұл көрсеткішті 87 пайызға жеткізу межеленіп отыр.
Барлық жобалар 100 пайыз сараптамамен қамтылады. Бүгінге дейін жол жөндеу жұмыстарының сапасын қамтамасыз ету мақсатында 228 жобаға зерделеу жүргізіліп, 962 сынама алынды. Нәтижесінде 538 сынамада сәйкессіздік, 5 ескерту мен кемшілік анықталып, жою бойынша шаралар қабылдануда.
Басқарма басшысы көлік саласындағы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы да хабарлады.
Басқосуда «Казавтожол» ҰҚ» АҚ облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Еркен Тайпақов республикалық маңызы бар «Меркі-Шу-Бурылбайтал», «Шу-Благовещенка» автожолдарының құрылыс барысы, жолдарды күтіп-ұстау жұмыстары туралы есеп берді.
Ербол Қарашөкеев өңірде жөнделген 112 көшенің келісімшартында кепілдік мерзімі мүлде көрсетілмегенін, 88 көшеде 1 жыл белгіленгенін атап өтіп, кемшіліктерге жол берген аудан әкімдерінің жұмысын сынға алды.
- Заң талаптарына сәйкес орта жол жөндеу жұмыстарының кепілдік беру мерзімі кемінде 2 жыл болуы керек. Кепілдік мерзімін белгілеу – мердігерлердің жауапкершілігін күшейтіп, жол жөндеу технологиясының қатаң сақталуына ықпал етеді, – деген облыс әкімі бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелеуді тапсырды.
- Автокөлік жолдарының құрылыс, жөндеу жұмыстары мерзімінде аяқталуы тиіс. Ең бастысы, сапасына баса мән беру қажет, бұл қауіпсіздіктің басты тетігі. Жол активтері Ұлттық сапа орталығы тарапынан жүргізілген жұмыстардың сапасына сараптама қорытындысы теріс болған жағдайда жобаларды жүзеге асыруға жол берілмеуі керек.
Жиын қортындысы бойынша жауаптыларға күн тәртібінде көтерілген мәселелерді назарға алып, кемшіліктерді орындау бойынша нақты жұмыстар жүргізу тапсырылды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -