Жамбыл облысында жыл соңына дейін 51 көппәтерлі тұрғын үй салынады
Жамбыл облысындағы құрылыс қарқыны мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының дамуы туралы өңір басшысы Ербол Қарашөкеев айтып берді.
Жыл басынан бері 355,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл көрсеткішті жыл соңына дейін 750 мың шаршы метрге жеткізу көзделуде.
Бүгінде құрылысы жүріп жатқан 2 909 пәтерлі 56 үйдің 51-ін жыл соңына дейін пайдалануға беру (2 569 пәтерлі) жоспарланған.
Жастардың тұрғын үй мәселесін шешуге «Әулиеата жастары» бағдарламасы ықпал етті. Биыл баспаналы болуы бақыты 140 жас маманға бұйырады.
Тұрғын үй құрылысына және пәтер сатып алуға 40,8 млрд.теңге бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артық (2023 жылы – 23,2 млрд.теңге).
Тараз, Сарысу, Т.Рысқұлов, Шу аудандарында 5,9 млрд.теңгеге 79 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізіледі.
Көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 23,2 млрд.теңгеге 1 575 пәтер сатып алу жоспарлануда.
Халықты көгілдір отын және тіршілік нәрімен қамту – басты назарда.
22 ауылдық елді мекенді орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету, 15 ауылға кешенді-модульдік блоктар орнатылады. Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі 94,9-дан 98,1 пайызға дейін артады.
Бұдан бөлек, 5 мың адам тұратын 3 елді мекенді газдандыру бойынша 12 жоба іске асады.
Жергілікті маңызы бар жолдар мен елді мекендердің көшелерін жөндеуге 25,2 млрд.теңге бөлінді. Жоспарға сәйкес жақсы және қанаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесін 99 пайызға, көше жолдары желісін 87 пайызға жеткізу міндеті тұр.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -