Жамбыл облысында жылыту маусымы штаттық режимде өтуде
Жамбыл облысында жылыту маусымы штаттық режимде өтіп жатыр. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов хабарлады.
Аталған басқарма басшысының айтуынша, жылыту маусымы ағымдағы жылдың 15 қазанынан басталды.
Облыста 9 отын- энергетика кешені мен 593 автономды қазандық бар. Бүгінде 1 665 көпқабатты тұрғын үй мен әлеуметтік маңызы бар 1 737 нысан жылумен қамтамасыз етілуде.
Барлық жылу көздерінде температуралық режим сақталған.
Отын - энергетика кешендері штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Аппаттық-диспетчерлік бөлімшелері тәулік бойы қызмет көрсетуде.
Кәсіпорындардың резервтік отын қорында 1 240 тонна көмір, 10 893 тонна мазут бар.
Өңірге 23 466 тонна әлеуметтік мазут бөлінген.
Әлеуметтік нысандардың автономды қазандықтарының тұрақты жұмысы үшін 56 444 тонна көмір жеткізілді (жоспар 61,3 мың тонна).
Ғалым Исақов Жаңатас, Қаратау қалаларындағы орталық қазандық пен мазут шаруашылығын қайта жаңғырту бойынша жұмыстардың нәтижелерімен бөлісті. Сонымен бірге жылыту маусымының өту барысына жүргізілген зерделеу қорытындыларына тоқталып, Мойынқұм, Т. Рысқұлов, Қордай, Шу аудандарындағы білім, денсаулық сақтау нысандарының қазандықтарынан кемшіліктер анықталғанын айтты.
Басқосу барысында білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов, денсаулық сақтау басқарамасы басшысының міндетін атқарушы Ерік Мұсабаев, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бекболат Мұқанов баяндама жасады.
Тараз қаласы мен аудан әкімдерінен, сондай-ақ жылу өндіруші мекемелердің басшыларынан жеке-жеке есеп алынды.
Ербол Қарашөкеев жылыту маусымы Мемлекет және Үкімет басшысының жеке бақылауында тұрғанын жауаптылардың есіне салып, бұл іске бей-жай қарамауды талап етті. Баяндамада айтылған кемшіліктерді 2 апта ішінде жедел жойып, қайта жаңғырту шараларын жұмыс кестесіне сәйкес жүргізілуін, облыс тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды.
Өңір басшысы төтенше жағдайлар департаментіне газдан, көмір түтінінен улану фактілеріне жіті көңіл бөліп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді ескертті.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -