Жеңістің 79 жылдығы қарсаңында облыс әкімі өңірдің барлық майдангерлерін құттықтады
Бүгін Асайын Байханов Павлодар қаласы мен Павлодар ауданында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арнайы барып, құттықтап қайтты.
Облыс орталығында өңір басшысы майдангер Сергей Выжутовичті құттықтады. ҰОС ардагері екінші Беларусь майданында соғысып, Польшаның аумағын азат етуге қатысқан.
Өткен жылдың күзінде мерген Мария Курбатованың 100 жылдық мерейтойына орай ардагер тұратын үйдің ауласында әскери гарнизон сарбаздары соғыс жылдарындағы әндерді шырқап, салтанатты шеру ұйымдастырған болатын. Бүгін Асайын Байханов ардагердің үйіне тағы да барып, мықты денсаулық пен ұзақ өмір тіледі.
Павлодарлық Василий Григораш та Забайкалье әскери округінің атқыштар полкінің қатардағы жауынгерінен бөлімше командиріне дейін сұрапыл соғыс соқпағымен жүріп өтті. Ардагер 98 жаста. 2 дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған.
Майдангер Николай Поддубный 99 жаста. Жауынгерлік ерліктері үшін ол «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, Жуков медалімен, Отан соғысы орденімен марапатталды.
Павлодарлық Николай Ступка 96 жасқа толды, ардагер Жапонияғы қарсы соғысқа қатысып, барлық жауынгерлік наградалармен марапатталды.
Павлодар ауданының Сычевка ауылында Асайын Байханов ҰОС ардагері 98 жастағы Мария Матюшинаны құттықтады. Жұбайымен бірге үш ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірді. 11 немересі, 29 шөбересі, 3 шөпшегі бар.
Әкіммен әңгімелесу барысында ардагерлер өздерінің жастық шақтары мен соғыстан кейінгі кезеңдерін еске алды. Облыс әкімі Жеңіс үшін барлық аға буын өкілдеріне алғысын білдірді.
- Сіздердің соғыс жылдарында көрген қиыншылықтарыңызды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мұны тек өз басынан өткерген адам ғана түсіне алады. Ел басына күн туған сын сағатта сіздер туған жер мен бостандықты сақтап қалдыңыздар. Сіздер орнатқан бейбітшілікті сақтау біздің қастерлі міндетіміз, - деді аймақ басшысы.
Бүгінгі таңда Павлодар облысында Ұлы Отан соғысының 7 ардагері тұрады. Жеңіс мерекесі қарсаңында оларға екі миллион теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсетілді.
Ертең өңір басшысы облыстың Ертіс және Баянауыл аудандарында тұратын ардагерлерге баруды жоспарлап отыр.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -