Жеке кәсіпкер Сарқан өңірін сапалы жұмыртқамен қамтып отыр
Сарқан қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер Бауыржан Сербаев 3000 бас голландиялық «Ломан уайт» тұқымды тауықтарын асырап, жергілікті тұрғындарға қолжетімді бағада жұмыртқа
саудалап отыр. Кәсіпкер бұл істі биыл өзінің жеке қаражатына бастаған, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Бұған дейін де «Сербаев» ЖК иесі ауыл шаруашылығымен айналысып, кәсіптен қол үзбеген жан. Бір кезде тауық өсіріп те көрген. Бірақ биыл жұмыртқа бағасының тиімділігін ескеріп, шетелдік тауық өсірумен айналысуға бел буған. Қазір 250 шаршы метр орында тауық фермасы жұмыс істеп тұр.
- Алматыдан арнайы барып голландиялық 3 мың бас тауық сатып әкелдім. Оған қоса тауық фермасына қажетті құрал-жабдықтар әкеліп орнаттым. Тауықтың бұл тұқымы – негізінен жұмыртқа беретін түрі. Қазір күніне орта есеппен 2 мың жұмыртқа алып отырмын. Оны Сарқан ауданы көлеміндегі 20 шақты дүкенге өткіземін. Өзімнің жеке дүкенім бар, онда да саудаға шығарамын. Іріктелген ірі жұмыртқаның 1 данасы 50 теңгеден сатылады, одан кішілерінің бағасы тиісінше төмен, - дейді Бауыржан Сербаев.
Кәсіпкердің айтуынша, тауыққа қажетті бидай, арпа, сол сияқты шемішке мен сояның жомы сияқты жем-шөпті негізінен жергілікті шаруалардан алады. Тек кейбір витаминдер ғана басқа қалалардан әкелінеді. Қазір фермада тауық күтімімен өзінен бөлек 3 адам айналысады. Олардың бәрі өз ауылдастары.
Осылайша нарықта бәсекелестік тудыру арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік санатына жататын тауар бағасының төмендеуіне, ауылдастарын жұмыспен қамтуға және халыққа экологиялық таза өнім ұсынуға Сербаев Бауыржан сияқты жергілікті кәсіпкерлер өз үлесін қосып келеді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттерді Сарқан аудандық әкімдігі ұсынды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -