Жетісу облысында бейімделген мектептің орнына жаңа мектеп іске қосылды
Жетісу облысында бейімделген мектептің орнына тағы бір жаңа мектеп салынды. Ақсу ауданы Көшкентал ауылында 75 орынды шағын орталығы бар 180 оқушыға арналған мектеп ашылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жаңа үш қабатты мектепте 18 орынды оқу залы бар кітапхана, 40 орынды асхана, 124 орынды спорт және акт залдары қарастырылған. Білім ошағында жаңа модификация кабинеттері - физика, химия, биология кабинеттері, екі мультимедиялық кабинет, сондай-ақ қыздар мен ұлдарға арналған, барлық қажетті құралдармен жабдықталған шеберханалар бар.
Лента қию рәсімінен кейін жиналған көпшілік мектептің ішін аралап көрді. Ауылда мұндай жаңа нысанның ашылғанына оқушылар да, ата-аналар мен педагогтар да риза. Солардың бірі жас маман, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлшаш Айқынқызы пікір бөлісті:
- Біздің Көшкентал орта мектебінің ескі ғимаратының тұрғызылғанына жарты ғасырдан астам уақыт болды. Мен өзім осы ескі мектепте оқыдым, кейін университетті бітіргеннен кейін осында мұғалім маман болып оралдым. Бұрынғы ғимарат тозғандықтан мектеп салқын болды, материалдық-техникалық базасы да ескірді. Қазіргі жаңа мектепте барлық жағдай бар. Асхана, спорт залы, акт залы қарастырылған. Жаңа ғимарат жарық, кең, жылы. Әрбір кабинетте керекті құралдар жеткілікті, шеберханалар жабдықталған. Жаңа мектебіміз заманауи талаптарға сай деп сеніммен айта аламыз. Мұндай жерде оқу да, жұмыс істеу де өте қолайлы. Өскелең ұрпаққа білім беруге үлес қосып жүргеніме, әсіресе бар мүмкіндік жасалған мынадай мектепте жұмыс істегеніме қуаныштымын. Бір мыңнан астам халқы бар туған ауылымызда жаңа заманауи мектептің ашылуы – бәріміз үшін де ерекше жаңалық, - деді ол.
Мектеп оқушылары да жаңа нысанның қолданысқа берілгеніне қуанышты:
- Жаңа мектепте сапалы білім алуымызға мүмкіндік мол, өйткені мұнда компьютерлер жаңа, керекті құрал-жабдықтар түгел, жақсы кітапхана, жайлы асхана, үлкен спорт залы бар. Сондықтан біз жақсы оқып, өз жетістіктерімізбен ұстаздарымызды қуантуға тырысамыз, - деді 10-сынып оқушысы Еркежан Нәби.
Атап өтсек, Көшкенталдағы жаңа мектепте 38 педагог жұмыс істейді. Бұл ретте мектепке 175 бала, ал шағын орталыққа 50 бала қабылданды. Жалпы биыл өңірде 2700 орынды 4 жаңа мектеп іске қосылды.
Еске салсақ, Жетісу облысында Президенттің тапсырмаларын орындау мақсатында әлеуметтік инфрақұрылымның жай-күйін жақсартуға ерекше көңіл бөлінеді. Атап айтқанда, облыс құрылған сәттен бастап жөндеу мен жаңа құрылыс нәтижесінде әлеуметтік нысандарды жаңарту 50% құрады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жұмабай Мұсабеков
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -