Жетісу облысында тағы 2 мыңға жуық тұрғыны бар қос ауыл газға қол жеткізді
Жетісу облысында жылу беру маусымы қарсаңында Көксу ауданындағы екі ауылдың тұрғындары газға қол жеткізді. Бұл 2 мыңға жуық тұрғыны бар Алғабас және Қызылтоған ауылдары. Ауыл тұрғындарын газдандыру шарасы бүгін салтанатты түрде аталып өтті. Қазіргі таңда ауданда газдандыруға жататын 26 елді мекеннің 10 ауылы газдандырылды, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, бүгінде Көксу ауданында Теректі, Мұқыры, Бесқайнар, Мұсабек, Жамбыл, Мәмбет, Балпық би, Амангелді ауылдары газдандырылған. Енді Алғабас, Қызылтоған ауылдарының тұрғындары газға қол жеткізді.
– Көксу ауданының аталған елді мекендерінде осы кезеңде 3290-нан астам абонент газға қосылған. Сонымен қатар, тағы 14 елді мекенді газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл Көксу стансасы, Еңбекшіқазақ, Жарлыөзек, Талапты, Кеңарал, Ақтекше, Жетіжал, Айнабұлақ, Қазақстанның 10 жылдығы, Жеңіс (Мәулімбай), Ақшатоған, Бозтоған, Қаратал, Мұқаншы ауылдары. Газ тарату желілерінің құрылысы биыл аяқталады. Сондай-ақ қыркүйек айында Нәдірізбек елді мекенінде құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге келісім-шарт жасалды. Подхоз ауылын газдандыру үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Нәтижесінде 2025 жылдың соңына дейін газдандыруға жататын елді мекеннің бәріне көгілдір отын беріледі. Осылайша Көксу өңірі 100 пайызға газдандырылады, – деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдос Бекетаев.
Айта кету керек, Алғабас ауылында газ тарату желілерін құрылыс жұмыстары өткен жылдың қараша айында басталған. Газ құбырының ұзындығы 38,79 шақырымды құрады. Ауылда 1300 астам адам тұрады. Бүгін алғашқылардың бірі болып Ұлы Отан соғысының ардагерлері Сәрсенбай Қаңтарбай мен Жақан Сейсебаевтың үйлеріне тегін газ құбыры тартылды.
– Ауылға көгілдір отын беріледі деген хабар бізге әлдеқашан келген. Соғыс ардагері ретінде мердігер компания менің үйіме газды тегін жүргізді. Оларға алғысым шексіз. Халыққа жақсы жағдай жасап жатқан азаматтарға ризамын. Еліміз көркейіп, жастар аман болсын, – деді ардагер Сәрсенбай Қаңтарбай.
Көптен күткен көгілдір отын бүгін 520-ға жуық тұрғыны бар Қызылтоған ауылына да жетті. Бұл жаңалық әсіресе үй шаруасындағы әйелдерді қуантты. Өйткені олар енді отын тасу, от жағу, күл шығары сынды жұмыстарды істемейді.
– Мен осыдан елу жыл бұрын Қызылтоған ауылының азаматына тұрмысқа шықтым. Содан бері осы ауылда тұрып жатырмыз. Ауылымызға жасалған әрбір игі шараға шын жүректен қуанып отырамыз. Әсіресе ауылға көгілдір отын келгеніне шексіз ризамын. Үй шаруасындағы әйелдердің жұмысы жеңілдеді. Олар енді от жақпай, қолдары аппақ болып үйдің берекесін еселеп отыратын болды. Бұл біздерге жеңіл әрі ыңғайлы, – дейді жергілікті тұрғын Жібек Қырықбаева.
Жалпы, Қызылтоған ауылындағы құрылыс жұмыстары былтыр қазан айында басталған. Газ құбырының ұзындығы 9 шақырымнан асты.
Жетісу облысында газдандыру деңгейі қазірдің өзінде 50,5 пайызды құрап тұр. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 56 пайыздан асады деп жоспарлануда.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суретті түсірген: Дмитрий Ерофеев
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -