Жетісу облысындағы Ақсу, Көксу қант зауыттары қант қызылшасын қабылдауды бастады
Жетісу облысындағы Ақсу, Көксу қант зауыттары қант қызылшасын өңдеу жұмысын бастады. Биыл облыста барлығы 615 мың тонна тәтті түбірді өңделеді. Одан 97 мың тонна қант, оның ішінде 67 мың тонна қызылша қантын және 30 мың тонна құрақ қант өндіруді жоспарлап отыр, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
– Биыл Жетісу өңірінде қант қызылшасы егілген алқап 13,7 мың гектарды құрады. Облыстағы 2 қант зауыты да қант қызылшасын қабылдауды бастады. Көксу қант зауыты 57 мың тонна қант, оның ішінде 27 мың тонна құрақ қант, Ақсу қант зауыты тағы 40 мың тонна, оның ішінде 3 мың тонна құрақ қант өндіруді жоспарлап отыр. Облыс бойынша 597 шаруа қожалығы тәтті түбір өсірумен айналысады. Оның 193 шаруа қожалығы Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарында орналасқан. Бұл ретте Көксу қант зауытына шикізат Ескелді, Қаратал, Кербұлақ аудандары мен Талдықорған қаласынан жеткізіледі. Сатып алу бағасы мемлекеттен 25 мың теңге, қант зауытынан 15 мың теңге, яғни тоннасына 40 мың теңге төленеді, – дейді облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев.
Көксу қант зауытының директоры Алтынбек Абатовтың айтуынша, кәсіпорын бір жұмыс күнінде 5-6 мың тонна шикізат қабылдауды жоспарлап отыр. Биыл облыста қант қызылшасынан мол өнім алынғандықтан, қант зауытының өндірістік қуаты 250 мың тоннаға дейін ұлғайтылды. Маусымдық жұмыста зауыт 500-ге жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етеді.
«АқсуҚант» ЖШС бас директоры Самат Нәдірбаевтың айтуынша, зауыт қызылшаны сақтауға және өңдеуге толық дайын.
– Шаруалардың бізге әкелетін шикізаты зауыттың 6-7 ай үздіксіз жұмыс істеуіне жетеді. Содан кейін біз жабдыққа техникалық қызмет көрсетуді және зауытты келесі маусымға дайындауды бастаймыз. Жалпы, жергілікті халықтың 500-550 адамын жұмыспен қамтамасыз етіп отырмыз, – дейді С. Нәдірбаев.
Өнімін өңдеуге алып келген шаруа қожалықтардың диқандары да жетістіктерімен, жоспарларымен бөлісті.
– Өткен жылы 15 гектар жерге қант қызылшасын өсірсек, биыл 20 гектарға көбейттік. Себебі мемлекеттен қолдау бар. Су да жеткілікті. Шаруалар үшін арзандатылған жанар-жағармай, минералды тыңайтқыштар да қарастырылған. Сонымен қатар, бізде тәжірибелі адам ресурстары да бар. Зауытқа шаруашылықтың егістік алқаптарынан 100 мың тоннаға жуық қызылша алып келдік. Орташа деңгейден жоғары өнім күтеміз, – дейді Сарқан ауданындағы «Божалақова» шаруа қожалығының өкілі Тоқтарбек Төлепбеков.
Қаратал ауданындағы «Ерғазин» шаруа қожалығының басшысы Ақылбек Ерғазин егіннің жақсы өскенін, гектарына 60 тоннадан аса өнім алғанын айтты.
– Биыл қант қызылшасын 14 гектарға ектік. Мемлекет тарапынан тұрақты түрде қолдау көрсетіліп жатқаны қуантады. Тыңайтқыштарға, пестицидтерге, тұқымдарға, суаруға субсидия беріледі. Зауыттар көлік шығындарын субсидиялайды. Осы қолдау қызылша саласын бірге табысты дамытуға мүмкіндік береді, – дейді Көксу қант зауытына өнімін өңдеуге алып келген шаруа иесі.
Көксу ауданындағы «Әлім-Таяр» шаруа қожалығы 120 гектар жерге өнім еккен. Ал бірінші күні-ақ бұл шаруа қожалығының диқандары егіннің бір бөлігін 5 КамАЗ көлігімен зауытқа жеткізді.
Жетісу өңірінде қант өнеркәсібін дамытуға ерекше көңіл бөлінгенін айта кеткен жөн. Өткен жылы қант қызылшасының егіс көлемі бірден екі есеге ұлғайтылып, 8,2 мың гектарға жеткізілсе, биыл қант қызылшасы 13,7 мың гектарға егілді. Оның үстіне келесі жылы егіс көлемі 15 мың гектарға жетеді деген жоспар да жоқ емес.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотографтар: Дмитрий Ерофеев, Жұмабай Мұсабеков
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -