Жетісу облысындағы жаңа Қаратал тарихи-өлкетану музейіне жыл басынан бері 5 мыңнан астам адам келді
Жетісу облысы Қаратал ауданындағы жаңа тарихи өлкетану музейіне жыл басынан бері 5300 адам келген. Өткен жылдың қазан айында ашылған мәдениет нысаны бүгінде Жетісу өңірінің көрнекті рухани орындарының біріне айналды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өткен жылы Жетісу облысына келген сапарында аталған музейге барған Мемлекет басшысы қоғамның дамуы үшін мұндай мәдени нысандардың қажет екеніне баса назар аударған болатын. Бұл ретте өңірдің көне тарихынан бастап, бүгінгі күнге дейінгі шежіресі туралы материалдардың мол қоры жинақталған бұл нысанға деген көпшіліктің қызығушылығы ерекше.
Музейдің экспозициялық залдарында 350 құнды жәдігер қойылған. Қаратал ауданының флорасы мен фаунасын, Қазақ хандығынан бергі өлке тарихын танытатын материалдар, халықтың тұрмыстық заттары, қолданбалы өнер туындылары, ауданнан шыққан белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері мен тарихи оқиғалар жайлы материалдар, Ұлы Отан, Ауған соғысының ардагерлері, депортацияланған халықтар, еңбеккерлер мен аудан мақтаныштарының жеке заттары, құжаттары қойылған павильондар бар.
Сол сияқты Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері, белгілі режиссер әрі актер Қанабек Байсейітов, жазушы Кемел Тоқаев, Қазақстанның Халық әртісі Бикен Римова және басқа да өлке мақтаныштарының өмірі мен шығармашылығына арналған залдарды тамашалауға болады.
Музей бір мезгілде 150 адам қабылдай алады. Заманауи мультимедиялық және цифрлық технологияларды пайдаланудың нәтижесінде нысанның тартымдылығы арта түскен. Мәселен, сенсорлық панельдер мен сканер арқылы қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі ақпараттармен кеңірек танысып, залдағы аудиодыбыстар арқылы өлке табиғатының, музыкалық аспаптардың үнін тыңдауға болады. Мұндай нысанның ашылғанына өңір тұрғындары дән риза.
- Осы музей ашылғалы бала-шағамызды бірге ертіп келіп, көрсетіп жүрміз. Үштөбенің жергілікті тұрғынымын. Алыстан қонақтар келсе, көрнекті орын ретінде осында арнайы алып келеміз, олар да өлкеміздің табиғаты мен тарихынан мол мәлімет алып қайтады. Ауылымызда осындай заманауи музей бар екенін мақтан тұтамыз, - дейді Үштөбе қаласының тұрғыны Марат Шілдебаев.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -