Жетісу облысында жыл соңына дейін тұрғын үй кезегінде тұрғандар саны 14%-ға төмендейді
Жетісу өңірінде 4 мыңнан астам тұрғын қоныс тойын тойлайды. Соның нәтижесінде үй кезегінде тұрғандар саны 14 пайызға азаяды. Биыл облыста 350 мың шаршы метрге жуық тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Биыл 8 айда облыста 150,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл тұрғын үйлердің 43%-ын құрайды. Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік осал топтарынан кезекте тұрғандар үшін 866 жалдамалы пәтер сатып алуға 13,4 млрд. теңге бөлінді. «Самұрық-Қазына» АҚ есебінен 560 пәтерлік 9 тұрғын үй салынуда. Нәтижесінде жыл соңына дейін 4 мың 117 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл өңірдегі тұрғын үй кезегін 14 пайызға қысқартады.
Баспаналы болып, қоныстой тойлайтын тұрғындар қатарын сарыөзектіктер де толықтыруда. Сарыөзек ауылында 60 пәтерлік жалға берілетін тұрғын үй халық игілігіне берілді.
Кербұлақ ауданының тұрғыны, бес баланың оның ішінде бірі ерекше күтімді қажет ететін баланың анасы Татьяна Кузина өз қуанышымен бөлісті.
– Баспаналы болғаныма, қолыма пәтер кілтін ұстап тұрғаныма әлі де сене алар емеспін. Осы сәтті өте көп күттім. 8 жыл кезекте тұрдық. Қазір өз үйіміз бар. Бұл отбасымыз үшін үлкен бақыт. Үш бөлмелі пәтеріміз жарық, кең. Енді балаларым да алаңсыз жүретін болды, – дейді көпбалалы ана.
Сарыөзек ауылының тағы бір мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған тұрғыны өз ризашылығын білдірді.
– Ерекше күтімді қажет ететін балам бар. 2015 жылдан бері кезекте тұрамыз. Жалдамалы пәтерде көшіп-қонып жүру бізге ауыр тиді. Міне, бүгін көптен күткен пәтерге қол жеткіздік. Ұлымның өз бөлмесі болады. Қазіргі қуанышымды, бақытымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әр шаңыраққа осындай қуаныш нәсіп етсін, – деген Гүлмира Қасымова ел ағаларына аналық алғысын білдірді.
Кербұлақ ауданы әкімдігінің мәліметінше, мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегінде 1620-дан астам азамат тіркелген. Бүгінгі таңда ауданда пайдалануға берілген 60 пәтерлі тұрғын үйден бөлек, биыл халықтың әлеуметтік жағынан осал санатындағы тағы 100 отбасы баспаналы болмақ. Олар үшін ауданның әр ауылдық округтерінен жаңа жеке үйлер сатып алынуда. Қазіргі таңда 17 үй сатып алынды. Тағы 50 үйді қазан айында, қалған 33 үйді қараша айында алу жоспарлануда. Осылайша, жыл соңына дейін ауданда тұрғын үй кезегі 4,4 пайызға қысқарады. Яғни, баспана кезегіндегі адамдар саны 1 467 адамға дейін азаяды. Сонымен қатар, жыл соңына дейін ауданда тағы екі 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарлануда. «Самұрық-Қазына» АҚ қаражаты есебінен салынып жатқан жалгерлік үйі. Ал екіншісі – тозығы жеткен үйлердің тұрғындары үшін жоспарлы түрде атқарылуда.
Айта кетейік, бүгін пайдалануға берілген көпқабатты үйдің құрылысы өткен жылдың сәуір айында басталған. Бес қабатты ғимаратта 3 бөлмелі 30, 1 және 2 бөлмелі 15 пәтер бар. Тұрғын үй заңнамасына сәйкес баспаналы болғандардың ішінде 20%-ы жетім балалар. Қалған қуаныш илері өз кезегімен заң талаптары бойынша пәтерлі болды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -