Жетісуда биыл 54 елді мекеннің ішкі көшелері жөнделуде
Осы жылы Жетісу облысының аудандық және қалалық ішкі жолдарын жөндеуге 14,0 млрд. теңге бөлінген, соның ішінде «Ауыл - Ел бесігі» бағдарламасы аясында 43,3 км жол жөндеуден өтуде. Жалпы облыс көлемінде 54 елді мекеннің ішкі жолдары жөнделуде, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жол жөндеу – ауылдық жердегі тұрмысты жақсартудың басты шарттарының бірі. Сондықтан жол жөндеу жұмыстары барлық аудан, қалалаларда, сол қатарда Көксу ауданында да қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, бір ғана ауылда «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 2 шақырым болатын 5 көше жөндеуден өтуде.
- Жол сапасын жақсарту мақсатында ауданда биыл 20 км болатын 47 көшеге орташа жөндеу жоспарланған, соның 12-сі «Ауыл - Ел бесігі» бағдарламасы аясында жөнделуде. Бүгінгі күнге 35 көше асфальтталып бітті. Бұл ретте Мұқыры ауылында ұзындығы 2 км болатын 5 көшені – 1-ші жаңа көше, 2-ші жаңа көше, Әуезов, Гагарин, Жамбыл атындағы көшелердің орташа жөндеуі аяқталуға жақын, бүгінде 4-еуінде жұмыстар бітті, қазір 5-ші көше асфальтталуда. Мұнан соң жол жиектерін нығайту, жол белгілері мен таңбаларын ауыстыру жұмыстары жүргізіледі. Жөндеу қыркүйектің соңында толық аяқталады. 2025 жылы осындай жұмыстар Еңбекші, Мұқаншы, Жарлыөзек және Лабасы ауылдық округтерінде қолға алынады, - деді Көксу аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Қуаныш Жұмат.
Ауыл тұрғындары жол сапасының жақсарғаны көпшілік үшін қуанышты жаңалық екенін айтады:
- Мен осы Мұқыры ауылында туып-өстім. Жаңа көшеде тұрып жатқаныма он жылдай болды. Бұл көшеде жаңа үйлер көп салынып жатыр, бірақ бұған дейін мұнда асфальт болған жоқ. Көктем-күз мезгілдерінде балалар мектепке, өзіміз жұмысқа барарда батпақ кешіп, қиналып қалатынбыз. Енді, міне, 1-ші және 2-ші жаңа көшелерге асфальт төселіп, балалар қараңғы түскенше далада ойнап, жас аналар сәбилерін арбамен қыдыртып, риза болып жүр, - деді ауыл тұрғыны Меруерт Демеубаева.
Жалпы Жетісу облысында биыл жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын дамыту үшін 38,0 млрд. теңге бөлінген, соның ішінде облыстық маңызы бар жолдарды жөндеуге 24,0 млрд. теңге, аудандық және қалалық ішкі жолдарды жөндеуге 14,0 млрд. теңге қарастырылды. Облыстық маңызы бар автожолда барлығы 29 жобаны іске асыру және 54 елді мекеннің ішкі көшелерінде жөндеу жұмыстары жасалуда. Бөлінген қаражат есебінен жергілікті маңызы бар жолдардың 335,7 шақырымына (облыстық – 182 км; аудандық/қалалық - 157 км) қайта жаңғырту, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жыл соңына дейін облыста жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 94%-ға жеткізу көзделіп отыр.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -