Жетісуда биыл денсаулық сақтаудың 94 жаңа нысаны іске қосылады
Биылғы жылы Жетісу облысында инфрақұрылымды дамыту аясында 94 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға беріледі, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жетісу облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Жансеңгіровтің айтуынша, аталған 94 нысанның 59-ы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде іске қосылмақ. Оның ішінде дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер бар. Ал алғашқы медициналық-санитарлық көмек желісін кеңейту үшін ауылдарда 27 блоктық-модульдік нысандар орнатылатын болады.
Солардың қатарында бүгінгі таңда облыстың Қаратал ауданының 4 ауылында ұлттық жобасы аясында заманауи фельдшерлік-акушерлік пункттердің құрылысы жүріп жатыр. Оян ауылында ФАП құрылысына республикалық бюджеттен 192,9 млн. теңге, ал Ортатөбе ауылына 189,1 млн. теңге, Қызылжар елді мекеніндегі құрылысқа 186,6 млн. теңге, Қанабек ауылына 183,3 млн. теңге бөлінген.
- «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауыл тұрғындары үшін медициналық, санитарлық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында Қаратал ауданында алты медициналық мекеме салу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда төрт ауылда жұмыс басталды, олар - Оян, Ортатөбе, Қызылжар және Қанабек ауылдары. Жақын арада Доншы және Қаражиде елді мекендерінде құрылыс жұмыстары басталады, - деді Қаратал аудандық орталық ауруханасы директорының ұйымдастыру-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары Ілияс Жұманов. Оның айтуынша, нысандар қараша айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -