Жетісуда дәнді дақылдар өсірудегі Кербұлақ ауданының үлесі 33%-дан асты
Кербұлақ ауданы ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жағынан Жетісу облысында алдыңғы қатарда. Биыл мұндағы дәнді дақылдардың егістік алқабы 97,8 мың гектар немесе облыстағы үлесі 33,2% болып отыр. Бұл туралы бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың Кербұлақ ауданының халқымен кездесуі барысында айтылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жиында белгілі болғандай, қазіргі уақытта астық жинау жұмыстары Кербұлақ ауданында қарқынды жүріп жатыр. Себілген масақты дәнді дақылдардың бүгінгі күнге 75 пайызы жиналып, гектарына 22,4 центнерден өнім алынуда. Жалпы ауданда ауыл шаруашылығы дақылдары 113,9 мың га жерге себілсе, соның 97,8 мың га дәнді дақылдар.
Облыс басшысы өз сөзінде суармалы жерлерді тиімді пайдалану үшін су шаруашылығы нысандарын жаңғыртудың маңызы зор екенін атап өтті.
- Кербұлақ ауданында 2023 жылы «Матай» су тоғанын жаңғырту жұмыстары аяқталып, 500 га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің суаруы жақсартылды. Сол сияқты «Еңкөл» және «Аралтөбе» су қоймалары мен магистралдық арналарын күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, 3 мың га жерді суару сапасы артты. Қазір Талдыбұлақ тоғанының жөндеу жұмыстары жүргізілуде, құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін толық аяқталады. Нәтижесінде 450 га жерді суару жақсартылады. Сондай-ақ 135 шақырымды құрайтын 12 суару арнасының қайта жаңғыртуға жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде, - деді Б. Исабаев.
Ауданда су үнемдеу технологиясын қолдану аясы да кеңейе түсуде. Мәселен, өткен жылдан бері Жоламан суару массивінде фермерлер 1300 гектар жерге жаңбырлатып суғару технологиясын қолдана бастаған.
Жалпы облыста ауыл шаруашылығы саласына 13,1 млрд. теңге инвестиция тарта отырып, жыл соңына дейін 10 жаңа нысанды іске қосып, 3 нысанды кеңейту жоспарда бар.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотографтар: Жеңіс Ысқабай, Дмитрий Ерофеев
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -