Жетісуда құрылыс саласының өкілдері марапатталды
Облыс әкімі Бейбіт Исабаев бүгін өңірдегі құрылыс саласының өкілдеріне мемлекеттік наградаларды табыс етті. Құрылысшылардың кәсіби мерекелеріне орай 2 адамға «Құрмет» ордені, 5 адамға ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалі берілді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Бейбіт Исабаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы құрылысшылар еңбегінің маңыздылығын атап өтті:
- Президент Жарлығына сәйкес бүгін облысымыздың алдыңғы қатарлы құрылыс мекемелерінің мамандары марапатталып отыр. Мемлекет басшысы атап өткендей, еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс, біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Сіздер қыстың аязына, жаздың ыстығына қарамай, уақытпен санаспай, халыққа баспана, мектеп, аурухана сияқты маңызды нысандар салып, елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, ауылдар мен қалаларды көркейтуге үлес қосып келесіздер. Сол үшін баршаңызға алғысымды білдіремін, - деді облыс әкімі.
«Құрмет» ордені «NEFT» БК» ЖШС-ның учаске бастығы Амантай Испулаевқа, «Арлан-жоба құрылыс» ЖШС инженер-сметашысы Гүлнар Құлмағамбетоваға берілді. III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен «Нұр-Шапағат-құрылыс» ЖШС дәнекерлеушісі Бауыржан Құрманбаев пен «Жөндеу-Құрылыс» ЖШС-ның 5-разрядты дәнекерлеушісі Қалдыбай Ниятдинов марапатталды. «Ерен еңбегі үшін» медалі «Global Construction kz» ЖШС Өндірістік-техникалық база бөлімінің басшысы Келіс Әбішевке, «Шымыр» ЖШС-ның учаске бастығы Руслан Кемелбековке, «АСК Ауыл құрылысы» ЖШС өндірістік-техникалық базасының басшысы Құрманжан Маметовке табысталды.
- Үлкен іс болсын, кішісі болсын, кез келген жұмысты бағалау керек. Сондықтан бүгін әріптестерімізбен бірге кәсіби мерекеміздің құрметіне осындай жоғары марапаттарға ие болғанымыздың өзі үлкен қуаныш, - деді марапатталғандардың атынан Келіс Әбішев.
Салтанатты іс-шара соңында марапатталушыларды тағы бір мәрте құттықтап:
«Ең бастысы – құрылыстың сапасы. Бұл фактор әрқашан бірінші орында тұруы керек. Сонда сіздер де әрдайым халықтың алғысын аласыздар. Баршаңызға зор денсаулық, амандық, жемісті еңбек тілеймін», - деп сөзін қорытындылады облыс әкімі Бейбіт Исабаев.
Еске салсақ, Қазақстанда Құрылысшылар күні тамыздың екінші жексенбісінде аталып өтіледі. Биыл бұл күн 11 тамызға сәйкес келді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жеңіс Ысқабай
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -