Жетісуда іске асырылған жоба өңірдегі жасөспірімдер қылмысының азаюына ықпал етті
Жетісу облысында жаңа оқу жылынан бастап аудан орталықтарындағы және Текелі қаласындағы мектептерге әдеп және құқық жұмысы жөніндегі менторлар штаты енгізіледі. Өткен оқу жылында осындай штаттар пилоттық жоба ретінде Талдықорған қаласы мен Панфилов аудандарының мектептеріне берілген болатын. Бұл жайында бүгін облыс педагогтері бас қосқан «Білім берудегі цифрлық инновациялар» тақырыбындағы тамыз кеңесінде облыс әкімі Бейбіт Исабаев айтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
- Білім мен тәрбие – қашанда егіз. Сондықтан жаһандық трендтерді жылдам меңгеретін жас ұрпақты адалдық, әділдік қасиеттері мен ұлттық құндылықтар аясында тәрбиелеу – негізгі міндеттердің бірі. Осы мақсатта өткен оқу жылында Талдықорған қаласы мен Панфилов аудандарының мектептеріне әдеп және құқық жұмысы жөніндегі менторлар штаты енгізілді. Полиция департаментінің ақпаратына сәйкес аталған аудан мен қалада жасөспірімдер қылмысы 4 есеге төмендеген. Енді биылғы 1 қыркүйектен барлық аудан орталықтарындағы мектептерге ментор штаты енгізіледі, - деді Б. Исабаев.
Талдықорған қаласындағы № 12 мектеп-гимназиясының әдеп-құқық жұмысы жөніндегі менторы Назира Разиева мұндай шаралардың ұрпақ тәрбиесінде рөлі үлкен екенін айтып, өз іс-тәжірибесімен бөлісті:
- Мен жұмысымды 9 бағытта жүргізіп келемін. Жасөспірімдердің құқықтары мен міндеттерін түсіндіріп тренинг өткіземін, булинг пен кибербулингтің, нашақорлық пен лудоманияның алдын алуға, қаржылық сауаттылыққа қатысты дәріс оқып, салауатты өмір салтын насихаттау бағытында түрлі іс-шаралар ұйымдастырамыз. Оған қоса түлектерге кәсіптік бағыт-бағдар беру арқылы мамандық таңдауына көмектесеміз. Осы іс-шаралардың бәрі жасөспірімдермен тәрбие жұмысын тиімді жүргізуге оң әсерін тигізіп отыр, - деді педагог.
Өткен оқу жылында өңірде әдеп және құқық жұмысы жөніндегі 68 ментор жұмыс істесе, алдағы 1 қыркүйектен бастап тағы 40 ментор жұмысқа кірісетін болады. Бүгінге дейін менторлар тарапынан оқушыларға 641 жеке кеңес берілген. Қонақ дәрісі түрінде 61 кездесу өткізіліп, оған 9500-ден астам оқушы тартылған. Дәріс оқығандар арасында министрлер, әкімдер, прокурорлар, депутаттар, теологтар, жазушылар, журналистер, әлеуметтанушылар, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдардың мүшелері, қоғам қайраткерлері сияқты түрлі бағыттар мен салалардың танымал өкілдері бар.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жеңіс Ысқабай
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -