Жылыту маусымына дайындық пысықталды
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында жылыту маусымына дайындық мәселесі қаралды.
Аталған жиынға облыстық басқармалардың басшылары, бейнебайланыс арқылы Ақтөбе қаласы және аудандардың әкімдері қатысты.
Облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Арысұлан Айтбаевтың айтуынша, биыл облыс бойынша 632 қазандыққа жөндеу жұмыстары жүргізілуі керек. Әзірге 2 қазандық қана жөнделген. Сондай-ақ 53,2 шақырым кәріз-су, 31,2 шақырым жылу, 13,8 шақырым электр желісі жаңартылған. Өңірде 1371 нысанның 160-ы жөндеуден өткен.
«Алдағы күз-қыс айларына облыстағы бюджеттік ұйымдарға 28 455,8 тонна көмір, 1622,3 тонна дизель отыны қажет. Ал жылыту маусымына халық қажеттілігі үшін 21 500 тонна көмір керек. Тұрғындар үшін тұрмыстық көмір отыны тамыз айынан бастап тасымалданады. Жалпы, жылыту маусымының өту барысы басқарманың тұрақты бақылауында», — деді басқарма басшысы.
Оның сөзінше, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдіктеріне 15 маусымға дейін жөндеу және дайындау жұмыстарының жоспар-кестелерін әзірлеу тапсырылған. Отырыста облыс әкімі басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне жылыту маусымына дайындық шараларын тиісті деңгейде жүргізуді тапсырды.
«Жылыту маусымына дайындық үнемі бақылауда болуы керек. Қазандықтарды жөндеу, қатты және сұйық отынды жеткізу жұмыстарын жүргізуде ыждағаттылық керек. Отынды тасымалдау бойынша жұмыс қарқынын күшейту қажет. Ал елді мекендердегі газсыз отырғанәлеуметтік нысандардың мәселесін тез арада шешіңіздер, мәселені қадағалауға ұстаңыздар», — деді Асхат Шахаров.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -