Ақмола облысында үздік энергетиктер марапатталды
Ақмола облысында Энергетика күні аталып өтіліп, саланың дамуына елеулі үлес қосқан және кәсіби шеберлігімен көзге түскен бір топ еңбек озаты марапатталды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Президенттің Жарлығымен «Көкшетау Энерго» ЖШС орталық диспетчерлік қызметінің жетекші инженері Наталья Ушакова, Қорғалжын аудандық желілерінің басшысы Уәлихан Бейсембеков және «Көкшетау Энерго» ЖШС Щучье ауданаралық электр желілері бөлімшесінің шебері Бақытжан Кәрімов «Құрмет» орденімен марапатталды.
ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені Целиноград аудандық электр желілерінің Қоянды желілік – шебер учаскесінің шебері Ганбат Сағынғанға және «Көкшетау Жылу» жылу желілерінің бақылаушысы Талап Игенбаевқа табыс етілді.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен «Көкшетау Жылу» қазандық цехының басшысы Анатолий Кульков марапатталды.
Шарада «Көкшетау Энерго» ЖШС басшысы Досымхан Аралбаевтың еңбегі де аталып өтілді. Саладағы 44 жыл ішінде ол өңірді энергиямен жабдықтау жүйесін жаңғыртып, заманауи технологияларды енгізіп, жұмысшылардың еңбек жағдайларын жақсарта алды.
Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов өңір әкімі мен тұрғындардың атынан барлық энергетиктерге шын жүректен алғысын білдірді.
«Облыстың дамуына энергетиктердің қосып отырған үлесі өлшеусіз. Тұрғын үйлерді мен өндіріс орындарын жылумен және жарықпен қамтамасыз ету энергетиктерсіз мүмкін емес. Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз бен жауапкершіліктерің алғыс айтуға тұрарлықтай», - деді Елдос Рамазанов.
Айта кетейік, өткен жылы Облыстың энергетика саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Электрмен жабдықтау бойынша 16 жобаны іске асыруға 4,2 млрд теңге бөлінді, оның ішінде жеті жоба аяқталды. 26,7 км жаңа желі салынды, ал Бурабай кентінде туристік аймақтағы электр энергиясының тапшылығын жабатын трансформаторлық қосалқы станция қайта жаңартылды.
Сондай-ақ, 2025-2027 жылдары Көкшетау, Қосшы және Аршалы аудандарында алты жаңа қосалқы станция салу жоспарлануда, бұл қажеттіліктердің өсуі жағдайында энергиямен жабдықтаудың тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
2024 жылы жылу маусымына дайындыққа 39,9 млрд теңге бөлінді, бұл 22 км жылу желілерін жөндеуге және олардың тозуын 39% - ға дейін қысқартуға мүмкіндік берді. «Инвестиция орнына Тариф» бағдарламасы да айтарлықтай нәтиже беріп, жылу желілерін жаңғыртуға 7,4 млрд теңге жұмсалды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -