Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов «Моя ферма» серіктестігіне барды
Ақмола облысында агроөнеркәсіп кешенінде өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін арттыру жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру жалғасуда. Осы мақсатқа жету үшін өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласы қарқынды дамып келеді. Қазіргі уақытта облыста ет, сүт, майлы дақылдарды өңдейтін, сондай-ақ ұн тартатын 67 кәсіпорын жұмыс істейді. Сонымен қатар, облыстың басты бәсекелестік артықшылықтарының бірі – елордаға жақын орналасуы да өз үлесін қосуда. Күн сайын елорда нарығына шамамен 80 тонна ет және ет өнімдері, 320 тонна сүт өнімдері, 700 мың дана жұмыртқа және 25 тонна ұн жеткізіледі.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов елорда маңындағы Целиноград ауданына жұмыс сапары барысында «Моя ферма» ЖШС сүт зауытының өндірісімен танысты. Кәсіпорын 15-тен астам сүт өнімдерін шығарады, олар елордадағы ірі сауда орындарында сатылады.
«Күніне үш тонна сүт өңдейміз. Біздің зауыттың басты артықшылығы – елордаға ең жақын орналасқан кәсіпорын болуы. Биыл біз отбасылық кәсібімізді кеңейтуді шештік, тәулігіне 30 тонна сүт өңдеуді жоспарлап отырмыз», – деді кәсіпорын директоры Қуаныш Найманов.
Қазіргі уақытта кәсіпорында 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бизнесті кеңейту және өндірісті жаңғырту нәтижесінде қосымша 60-тан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда.
Өңір басшысы облыста қайта өңдеу кәсіпорындарын дамытудың маңыздылығын және мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауды атап өтті.
«Елорда айналасында азық-түлік белдеуін құру – өңірдің стратегиялық даму басымдықтарының бірі. Сіздер өнім сапасын үнемі жетілдіріп, бәсекеге қабілетті болуыңыз керек. Осы мақсатта мемлекет ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жыл сайын жан-жақты қолдау көрсетеді», – деп атап өтті М.Ахметжанов.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -