Ақтөбе өңірінде Әйтеке би Бәйбекұлының 380 жылдығын тойлау басталды
Мерекелік іс-шаралар 11-13 қазан аралығында Ақтөбе қаласы және Қарабұтақ ауылында өтеді.
Бүгін ақтөбеліктер қазақтың атақты мемлекет және қоғам қайраткері, мәмілегер Әйтеке би Бәйбекұлының рухына тағзым етті. Ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ер есімін ұлықтады. Шараға облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева, облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, қала әкімі Азамат Бекет, құрметті қонақтар мен жастар қатысты. Содан соң, шара қатысушылары «Аманат» партиясының мәжіліс залында «XVII – XVIII ғғ. Қазақ елі: Әйтеке би заманындағы ұлттық құндылықтар және ұрпақтар сабақтастығы» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысты.
Әйтеке бидің 380 жылдық мерейтойы аясында ауқымды іс-шаралар өткізу жоспарланған. Бидің есімімен аталатын аудан орталығында ауыл тұрғындарының қатысуымен ұлттық ойындар ойнатылып, этноауыл сахнасында «Текті сөздің төресі» атты жыр мүшәйрасы, «Ұрпаққа мұра – алшын Әйтеке би» атты концерт те өтеді.
12 қазан күні, яғни мерекелік шараның екінші күні, Әйтеке би ауданының Қарабұтақ ауылында, сағат 10:00 – 10:30 аралығында «Әйтеке тарихы» атты әдеби – композициялық қойылым сахналанып, гала концертпен жалғасады. Спорттық жарыстар мен аламан бәйге өткізіледі. Сағат 15.30-16.30 аралығында шараны қорытындылау барысында жеңімпаздарды марапаттап, жүлделер тапсырылады.Сондай-ақ, 13 қазан күні сағат 14:00-18:00 аралығында Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті «Студенттер Сарайы» ғимаратында Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары арасындағы командалық айтыс ұйымдастырылады.
Іс-шаралардың мақсаты – ел бірлігі мен әділдіктің жарқын үлгісін көрсеткен тарихи тұлғаның мұрасын дәріптеу, ұлттық құндылықтарды насихаттау және ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -