Облыс әкімі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия отырысы өтті
Облыс әкімдігінде өңір басшысы Асхат Шахаровтың төрағалығымен Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Отырысқа құқыққорғау органдарының өкілдері, мемлекеттік құрылымдардың басшылары, Ақтөбе қаласы мен аудандардың әкімдері қатысты.
Мемлекеттік және әлеуметтік мекемелердің рәміздерді насихаттау және дұрыс пайдалану мәселелеріне басты назар аударылды.
Ішкі саясат басқармасының басшысы Әлібек Байнешов еліміздің Гимні, Елтаңба және Туын насихаттау мен қолдану бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Жыл бойы облыс әкімі жанындағы Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия 240-қа жуық мемлекеттік мекеме мен ұйымдарға мониторинг жүргізген, 33 ауылдық округ тексерілді. 14 спорт мекемелері мен 12 денсаулық сақтау ұйымдарында мемлекеттік рәміздердің қолданылуы қадағаланды.
Әлібек Байнешов мемлекеттік рәміздерді қолдануда анықталған құқықбұзушылықтарды атап өтті.
«Қараша айында комиссия мүшелері Темір және Ойыл аудандарында мониторинг жүргізді. Жалпы, екі ауданда 54 мекеме тексерілді. Сондай-ақ, мемлекеттік рәміздерді қолдануда құқықбұзушылықтар анықталды.
Мәселен, Темір ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында мемлекеттік Ту өзінің эстетикалық келбетін жоғалтқан. Ал Темір ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі басшысының кабинетінде ту мүлдем жоқ. Шұбарқұдық №5 бастауыш мектебінде ту жарығы қойылмаған. Ш. Берсиев атындағы ауылдық округ әкімдігінде, «Балдырған» балабақшасында, Ш.Бекмұхамбетов атындағы мектеп-гимназия директорының кабинетінде, Ойыл ауданының мемлекеттік кірістер бөлімінің ғимаратында қолданылатын мемлекеттік рәміздер ескіріп, эстетикалық келбетін жоғалтқан», - деді Ішкі саясат басқармасының басшысы.
Мониторинг барысында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, анықталған құқықбұзушылықтарды жою бойынша ұсыныстар берілді.
Баяндамашылардың сөздерінен кейін облыс әкімі жиналғандарға мемлекеттік рәміздер ел егемендігінің берік негізі және оларды пайдалану белгіленген қағидаттарға қатаң сәйкес келуі тиіс екенін еске салды.
«Мемлекеттік органдар еліміздің мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қарауды және оларды бекітілген нормаларға сәйкес қолдануды қамтамасыз етуге міндетті», - деп атап өтті әкім.
Асхат Шахаров облыстың ішкі саясат басқармасының басшылығына өңірдегі мемлекеттік рәміздерді пайдалану және насихаттау бағытындағы жұмысты күшейтуді және мемлекет рәміздерімен жұмыс істеу стандарттарын сақтау бойынша халықты ақпараттандыруды арттыруды тапсырды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -