Ақтөбелік ұландық жауынгер самбодан әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды
Астанада өтіп жатқан самбодан әлем чемпионатында ҚР ІІМ Ұлттық ұланының Ақтөбе қаласында орналасқан 6655 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Еламан Қойшыбаев елімізге күміс медаль сыйлады. Бұл туралы ҚР ҰҰ «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлайды.
Чемпионатқа әлемнің түкпір-түкпірінен көптеген спортшы қатысты. Додаға қатысушылар спорттық және жауынгерлік самбодан әртүрлі салмақ дәрежесінде 31 медаль жиынтығы үшін күресті. Жарыстың екінші күні тоғыз түрлі салмақ дәрежесінде күрескен жеңімпаздар анықталды. Еламан Қойшыбаев 88 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, сенімді түрде ақтық сынға өтіп, күміс медаль жеңіп алды.
«Мен самбодан әлем чемпионатында дайындық пен табандылықтың жоғары деңгейін көрсеткен спортшыларымыз Еламан Қойшыбаев пен Болат Сапарды мақтан тұтамын. Мұндай жетістіктер оңай келмейді, оның артында қыруар еңбек, үздіксіз жаттығулар, үлкен күш-жігер мен мызғымас тәртіп жатыр. Еламан еліміздің намысын қорғап қана қоймай, өзін нағыз спорттық рухы бар мықты күрескер ретінде көрсетті. Алда әлі де көптеген жеңіске жететініне сенімдімін, олардың әрқайсысы ҚР ІІМ Ұлттық ұланның имиджін нығайтып, жас ұрпақты шабыттандырады», – деді ҚР ІІМ Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы Сатжан Әбішев.
Еламан Қойшыбаев физикалық және моральдық сынақтарға негізделген жаттығулар рухты нығайтатынын және әскери қызметшілерді кез келген қиындыққа төзімді ететінін айтты. «Әрбір сайыс — нағыз сынақ. Кілемге шыққанда барыңды салып, назарың да, қайратың да толықтай жеңіске бағытталуы керек. Мені баптап, додаға дайындаған жаттықтырушыларыма және қолдап, қуат берген туыстарыма, сондай-ақ осындай дәрежедегі жарыста еліміздің атынан өкілдік етуге мүмкіндік берген Ішкі істер министріне және Ішкі істер министрінің орынбасары — Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабековке шын жүректен алғысымды білдіремін. Бұл – үлкен жауапкершілік. Спортшы ретінде де, тұлға ретінде де өсуге көмектесетін керемет тәжірибе. Биылғы жыл мен үшін сәтті өтті: Макаода Азия чемпионы атандым және әлем кубогында жүлделі орынға ие болдым», – дейді ұландық спортшы Еламан Қойшыбаев.
Еламан 2023 жылы Ереванда өткен әлем чемпионатында күміс медаль иегері атанды. Еламан оқуды бітіргеннен кейін 2017 жылы Отан алдындағы борышын өтеу үшін ҚР ІІМ Ұлттық ұлан қатарына шақырылған. Құқықтық тәртіп әскеріндегі қызметі кезінде түрлі жетістіктерге жетті. Отан алдындағы бір жылдық қызметін өтегеннен кейін келісімшарт бойынша Ұлттық ұланда қалып, Ақтөбеде орналасқан 6655 әскери бөлімге әскери жасақ бастығы лауазымына тағайындалды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -