Ақтаулық оқушылар «Айбын-2024» халықаралық жастар жиынына дайындалуда
Ақтау қаласының Оқушылар сарайында дәстүрлі «Айбын-2024» облыстық әскери-патриоттық жиыны өтті.
Маңғыстау облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен Білім басқармасына қарасты оқу-әдістемелік білім беру орталығы ұйымдастырған іс-шараға жүзден астам баладан тұратын 7 аудандық және қалалық команда қатысты.
Жарыс бағдарламасына сәйкес қатысушылар пневматикалық мылтықтан ату мен күштік жаттығуларды орындап, газтұмша кию, АК-74 автоматын бөлшектеу және құрастыру, арқан тартыс, сондай-ақ әскерилендірілген эстафетада жарысты.
– Біздің өңірде дарынды жастардың жарыстары тұрақты негізде өткізіліп тұрады. Біз үшін олардың республикалық деңгейде жоғары нәтиже көрсетуі де маңызды, – деді Маңғыстау облысы оқу-әдістемелік білім беру орталығының директоры Жанагүл Үмбетова.
«Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы Маңғыстау облысы бойынша филиалының төрағасы Мақсатбай Жолай жарыс әскери-қолданбалы спорт түрлерін насихаттау және салауатты өмір салтын насихаттау, әскерге шақырылғанға дейінгі жастарды патриоттық сезімде тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылатынын атап өтті.
«Айбын-2024» облыстық әскери-патриоттық жастар жиынының қорытындысы бойынша бірінші орынды «Ақтау» командасы жеңіп алды. Екінші орынды Жаңаөзен қаласының «Қайсар», үшінші орынды Қарақия ауданының «Жас қыран» командалары иеленді. Жеңімпаздарға марапаттар, ақшалай сыйлықтар, дипломдар мен медальдар табыс етілді. Үздіктер халықаралық жиында облыс намысын қорғайтын болады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -