«Абай жолы» жобасының тұсаукесері өтті
Абай облысында облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевтың қолдауымен жарық көрген «Абай жолы» жобасының тұсаукесері өтті. Жобаның бірінші сериясы аясында жалпы тиражы 8 мың дана болатын 16 кітап шығарылды. Биыл жалпы тиражы 10 мың дана болатын 20 автордың шығармалары жарық көрді.
Жоба Қазақстанның мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, Семей өңірінің көрнекті тұлғалары мен ақын-жазушыларының мұрасын насихаттауға, сондай-ақ көркем әдебиет арқылы жастарды патриотизмге тәрбиелеуге бағытталған. Кітаптар жинағына әр түрлі әдеби жанрларды қамтитын Семей өңірінің ақын-жазушылары мен суретшілерінің шығармалары кіреді. Кітапты оқуға қызығушылық танытқан оқырмандар бұл кітаптарды өңір кітапханаларынан, ал цифрлық нұсқасын ҚазҰЭК электрондық кітапханасынан тауып оқи алады.
«Асыл ойдың иесі Хакім Абай «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» деп, келер толқынға насихат қылғанын жақсы білеміз. Бұл жоба – өңіріміздің ақын-жазушыларының еңбектерін жас буынға мұра ретінде сақтау үшін маңызды қадам деп білемін. Жаңа басылым баршамызға құтты болсын!» - деді облыс әкімі.
Өлке ақын-жазушыларының шығармаларын бағалау және басып шығару жөніндегі кеңесті «Абай облысының Құрметті азаматы», Шәкәрім университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Арап Еспенбетов басқарады.
Биыл аталған жоба аясында отандастарымыз А.Шәріповтың «Көргенім, көңілге түйгенім», Р. Нұрғалидің «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры», Қ. Жұмаділовтың «Тағдыр» романы, Б.Исабаевтың «Ұлылар мекені», Б. Тілегеновтың «Қара жел», А. Еспенбетовтің «Абайды оқы, таңырқан...» т.б ақын-жазушылардың еңбектері бар. Астана қаласының «Фолиант» баспасы жазушылардың әрқайсысы 500 данадан тұратын 20 шығармасын шығарды (барлығы 10 000 дана). Жоба бес жылға есептелген.
Іс-шарада театр әртістері кітап авторлары мен олардың шығармаларына арналған әдеби-көркем нөмірлерді ұсынды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -