Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының өкілдері Қазақстандағы босқындардың құқықтарын қорғау мәселелерін талқылады
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссарының көмекшісі Рувендрини Меникдивеламен кездесті.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы Комиссары басқармасы - қақтығыстар мен қуғын-сүргіннен қашқан, сондай-ақ азаматтығынан айырылған адамдарды қорғаумен айналысатын халықаралық ұйым.
Кездесу барысында Омбудсмен кеңсенің жұмысымен таныстырып, оның қызметінің негізгі нәтижелеріне тоқталды. Босқындар туралы қазақстандық заңнамаға ерекше назар аударылды, ол елге қайтармау, босқын мәртебесін беру тәртібінің ашықтығы, кемсітушілікке жол бермеу, сондай-ақ балалардың құқықтары мен отбасы бірлігін қорғау қағидаттарына негізделген.
Артур Ластаев Қазақстан 1951 жылғы Босқындар мәртебесі туралы конвенцияға қосылып, 2009 жылы «Босқындар туралы» Заң қабылданғаннан бері елімізде осы осал санаттарды қорғау және қолдау жүйесі дәйекті түрде күшейтіліп келе жатқанын атап өтті.
«Босқындар мен баспана іздеушілердің құқықтарын қорғау біздің ел үшін басымдық болып қала береді және БҰҰ БЖКБ-мен ынтымақтастық үздік халықаралық стандарттарды ұстануға мүмкіндік береді», - деді Адам құқықтары жөніндегі уәкіл.
2024 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша Қазақстанда 300 босқын және 342 пана іздеуші тіркелген.
Сонымен қатар, Омбудсмен экстрадициялық қамауға алудың балама нұсқасын енгізу мәселесін қозғау туралы айтты. Қылмыстық-процестік кодекске шетел мемлекеттері іздеуде жүрген адамдарға қатысты балама бұлтартпау шарасын қолдану мүмкіндігін қарастыратын түзетулер енгізуді ұсынды. Тиісті заң жобасы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауында жатыр.
Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы Комиссардың көмекшісі Рувендрини Меникдивела, өз кезегінде, Уәкіл кеңсесі жұмысының нәтижелерін жоғары бағалады. Ол сондай-ақ БҰҰ БЖКБ Қазақстанның босқындармен жұмыс істеудегі қадамдарын құптайтынын және бұл бағытта қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Кездесуді қорытындылай келе, тараптар құқықтық механизмді одан әрі жетілдіру және әрбір ішкі қоныс аударушының құқықтарын сенімді қорғауды қамтамасыз ететін тұрақты шешімдерді әзірлеу қажеттігін атап өтті
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -