Агенттік пен Венгрияның Ұлттық Банкі Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Венгрияға мемлекеттік сапары аясында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) мен Венгрия Ұлттық Банкі (Magyar Nemzeti Bank) арасында Банк ісі саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Салтанатты рәсім ағымдағы жылғы 20 қарашада екі ел басшылығының қатысуымен өтті. Меморандум Базель комитетінің стандарттарына сәйкес банктерді тиімді трансшекаралық қадағалауды қамтамасыз ету мақсатында қабылданды, бұл Агенттік пен Венгрия Ұлттық Банкі (ВҰБ) арасындағы банк саласындағы өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді.
21 қарашада Агенттік Төрағасы Мәдина Әбілқасымова Венгрия Ұлттық Банкі ұйымдастырған The Budapest Eurasia Forum 2024 жұмысына қатысты. Іс-шараға Венгрияның Премьер-Министрі Виктор Орбан, Венгрия Ұлттық Банкінің Төрағасы, Венгрия үкіметінің өкілдері, Қазақстан Ұлттық Банкінің, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің, зерттеу институттары мен халықаралық ұйымдардың басшылығы қатысты.
Форумның негізгі тақырыптары цифрлық трансформация жағдайында қаржы жүйесін дамыту, жаһандану және әлемдік экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің азаюы, геосаяси тәуекелдердің күшеюі, климаттың өзгеруі және қаржылық инновациялар аясында орнықты өсуді қамтамасыз ету, сондай-ақ көпжақты кооперацияны күшейту және адам капиталына инвестициялардың өсуі болды.
Мәдина Әбілқасымова форумға қатысушыларға арналған құттықтау сөзінде Венгрия Ұлттық Банкін оның құрылғанына 100 жыл толуымен құттықтады және қаржы реттеушісінің Венгрия экономикасының өсуі мен халықтың әл-ауқатын қолдайтын тұрақты және орнықты қаржы жүйесін құрудағы маңызды рөлін атап өтті.
Агенттік басшысы Қазақстан мен Венгрия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың, мәдени және гуманитарлық қатынастардың үдемелі кеңеюін атап өтті. Оның дәлелі мемлекеттік сапардың қорытындысы бойынша Будапештте мультимодальдік жүк терминалын құру, мұнай-газ саласы, жаңартылатын энергетика, ауыл шаруашылығы, логистика сияқты салаларда бірлескен инвестициялық жобаларды іске қосу туралы жаңа келісімдер жасасу болды.
Мәдина Әбілқасымова Қазақстанның географиялық және стратегиялық тұрғыдан маңызды орналасуын, елдің Орталық Азиядағы көшбасшылық позициясын атап өтті, мұндай артықшылық елге Еуропа мен Азия арасындағы сауда ағындарын арттыруға, Еуразия құрлығының екі жағы арасындағы капитал мен инвестициялардың еркін қозғалысына елеулі үлес қосуға мүмкіндік береді. Қазақстан экономикасының 4%-дық деңгейде орнықты және тұрақты дамуының арқасында Қазақстанның үлесіне Орталық Азияның ІЖӨ-нің 60%-ға жуығы және Еуропа мен Қытай арасындағы барлық континенттік трафиктің 85%-ы тиесілі.
Агенттік басшысы Қазақстанның климаттық күн тәртібін ілгерілетудегі, 2060 жылға дейін Көміртекті бейтараптық стратегиясын қабылдаудағы, елдің жалпы энергия тұтынуындағы жаңартылатын энергия көздері үлесінің 2050 жылға 50%-ға жеткізудегі, жасыл қаржыландыруды дамыту үшін жобалардың жасыл таксономиясын қабылдаудағы жетекші рөлін атап өтті. Қазақстан алғашқылардың бірі болып банктердің ESG-тәуекелдер бойынша ақпаратты міндетті түрде жария етуі бойынша талаптарды енгізді, қаржы ұйымдары үшін экологиялық және әлеуметтік тәуекелдерді басқару жөніндегі нұсқаулар қабылданды, келесі жылы банктердің кредиттік портфельдерінің көміртегі ізін бағалау жоспарлануда.
Агенттік басшысы өз сөзінде әлемдік экономиканы дамыту үшін маңызды сын-қатерлердің бірі ретінде макроэкономикалық теңгерімсіздік, жоғары инфляция және халықтың табысы төмендеген кезде пайыздық мөлшерлемелер жағдайында макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуді атап өтті.
Баға тұрақтылығын қамтамасыз ету, фискалдық және монетарлық саясатты тығыз үйлестіру, сыртқы борыштың төмен деңгейі және болашақ дағдарыстардың салдарын еңсеру үшін бюджеттік буферлерді қалыптастыру, ЭЫДҰ стандарттары бойынша құрылымдық және институционалдық реформаларды іске асыру есебінен экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру негізгі басымдықтар ретінде атап өтілді.
Тағы бір маңызды үрдістің бірі қаржылық технологиялар мен инновациялардың қарқынды дамуы екені атап өтілді, бұл қаржы нарығындағы қаржылық инклюзивтілік пен бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік береді, бірақ сонымен бірге тұтынушылардың мүдделеріне, дербес деректердің сақталуына, қаржы жүйесінің киберқауіпсіздігі мен тұрақтылығына қауіп төндіреді. Қазақстанда тәуекелдерді барынша азайту үшін цифрлық теңгені, цифрлық қаржы инфрақұрылымын, жасанды интеллект пен машиналық оқытуды пайдалана отырып SupTech және RegTech цифрлық қадағалауын енгізуді, ашық банкинг технологияларын қолдануды көздейтін Цифрландырудың және Цифрлық орталық банктің Ұлттық Стратегиясы әзірленді. Ақпараттық жүйелер мен деректерді қорғау шаралары ретінде қаржы ұйымдарының киберқауіпсіздігіне, биометриялық тексеруге, орталықтандырылған антифрод-орталықтар құруға қойылатын талаптардың күшеюі атап өтілді.
Агенттік Төрағасы цифрлық активтер мен криптовалюталарды қолдануға, таратылған тізілім технологияларын енгізуге, алаяқтық тәуекелдердің артуына және дәстүрлі әрі инновациялық қатысушылар арасында реттеушілік алшақтықтардың пайда болуына байланысты қаржылық реттеудегі сын-қатерлердің маңыздылығын атап өтті. Реттеушілік төрелікке жол бермеуге, тепе-теңдік қағидаттарында реттеудің тәуекел-сезімталдығын қамтамасыз етуге бағытталған жаңа тәсіл енгізу қажеттілігі атап өтілді.
Форум шеңберінде Агенттік делегациясы сондай-ақ Венгрияның ең ірі екі коммерциялық банкі – OTP Bank пен MBH Bank-тің басшыларымен кездесулер өткізді, олардың қорытындысы бойынша банк саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылау үшін тұрақты өзара байланыстарды жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Сыртқы коммуникациялар Басқармасы
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -