Қайраттың жұлдызы: Қарағанды полицейінің ерлігі жайлы қысқа метражды фильм түсірілді
Қарағандылық полиция қызметкері Қайрат Жұмабеков өз өмірін қиып, 130 оқушыны құтқарғанына 16 жыл өтті. Әлдеқашан есейіп кеткен балалар сол оқиғаны әрқашан есте сақтап қалары анық.
2008 жылғы 20 мамыр. Үш автобустағы оқушылар елордаға экскурсиядан кейін үйлеріне қайтып келе жатқан. КАМАЗ автокөлігі Алматы – Екатеринбург тас жолында қарсы жолаққа шығып кетіп, балалар отырған автобустарға қарай жылжи бастаған.
Колоннаны ертіп келе жатқан 30 жастағы сержант Қайрат Жұмабеков шапшаң түрде өз көлігімен соққыға төтеп беру туралы шешім қабылдаған. Алған жарақаттан ержүрек полицей оқиға орнында көз жұмды. Сержанттың серіктесі Дмитрий Пугач қатты зардап шекті.
Біраз уақыт өтті, бірақ бұл қайғылы жағдай нақты оқиғаларға негізделген ержүрек полицей туралы "Қайраттың қайта жанған жұлдызы" атты қысқаметражды фильмін түсірген туыстары мен әріптестерінің жүрегінде әлі де сақталған.
Бүгін "Сарыжайлау" кинотеатрының залында сол күні құтқарылған балалар жиналды, олардың көпшілігі өз отбасыларын құрған, дәрігер, мұғалім, құрылысшы, шахтер мамандығын таңдаған ер жеткен азаматтарға айналған.
— Мен сол автобуста болдым. Ол кезде мен 14 жаста едім, көп нәрсені түсінетінмін. Патрульдік машинаның кюветке қалай ұшып бара жатқанын және бірнеше рет аударылғаны әрқашан менің есімде қалады. Жылдар өте келе мен ол кезде бізді аман алып қалу үшін мүлде бейтаныс адамның қандай ерлік жасағанын түсіне бастадым. Бізді құтқару үшін ол өз өмірін құрбан етті. Қазір мен де 30 жастамын, өмір енді ғана басталып жатыр, ал Қайрат Жұмабеков осы жаста өмірін қиып, біз үшін отбасын жетім-жесір қалдырып кетті. Бұл нағыз ержүрек аданың әрекеті. Біз оны есімізде сақтаймыз, — дейді қарағандылық Айсұлу Бимурзина.
Картинаның тұсаукесеріне Қайрат Жұмабековке ең жақын адамдар – жұбайы Назгүл, қызы Дилара және ұлы Ғалым да келді. Әкесі көз жұмған кезде балалар небәрі 3 және 7 жаста еді. Ғалым Жұмабеков тұсаукесерге Астанадан анасы мен әпкесі үшін тосын сый жасап келді. Қазір ол 24 жаста, Астана полиция департаментінің Есіл аудандық полиция басқармасында жедел уәкіл болып жұмыс істейді.
— Ол менің офицер болғанымды және оның жолын жалғастырғанымды қалады. Анам, әрине, қайғылы оқиғадан кейін қарсы болды. Бірақ мен нақты шешім қабылдадым. Әкем әрқашан мен үшін үлгі болды және болып қалады. Ол басқаша жасамас еді, өйткені балалар зардап шегер еді. Мен оны мақтан тұтамын және оның өмірімде әрқашан бар екенін сезінемін. Ол құтқарған балалардың қазір еліміздің игілігі үшін еңбек етіп жатқанына қуаныштымын, — деді Ғалым Жұмабеков.
Қайрат Жұмабеков қайтыс болғаннан кейін оның жұбайы Назгүл Жексенбина жаңа мамандық игерген: бұрынғы дәрігер 14 жылдан бері Қарағанды облысының полиция департаментінде жұмыс істейді. Ол аға инспектор-полиграфолог.
— Құтқарылған балалар мен күйеумнің әріптестері оны ұмытпағанына ризамыз. Бастапқыда бұл мен үшін үлкен қайғы болды, жүрегіме ауыр тиді. Бірақ ол балалар үшін өз өмірін қиғанын білгенде, мен бәрін түсіндім. Ол әрдайы адал, жанашыр, асыл жан болатын. Балаларды қатты жақсы көрді. Бүгін марқұм жұбайым құтқарған балалар маған келіп, рахмет айтады. Қайрат бізді көктен бақылап, қуанатынына сенемін, — деді Назгүл Жексенбина.
Фильмнің тұсаукесері кәсіби мереке – Қазақстанда 23 маусымда атап өтілетін Полиция күніне орайластырылған.
— Фильм Қарағанды облысы полиция департаментінің және сол апаттан құтқарылған балалардың бастамасымен түсірілген. Біз оны мектептерде, колледждерде, ерлік сабақтарында жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру және полицей мамандығына құрмет көрсету үшін көрсететін боламыз, — деп атап өтті ҚР ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешов.
Көрсеткен ерлігі үшін Қайрат Жұмабеков қайтыс болғаннан кейін үшінші дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -