АКАДЕМИЯЛЫҚ ХАБ ҚҰРУ ЖӘНЕ ЖИ ӘСЕРІ: МИНИСТР АЛМАТЫ СТУДЕНТТЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ
11 қараша күні Almaty Management University-де ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Қазақстан – өңірлік білім беру хабы» тақырыбында дәріс өткізді.
Іс-шараға AlmaU студенттері ғана емес, сонымен қатар Нархоз, Қазақстан-Британ техникалық университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Satbayev University, Abai University, Caspian University, ҚазБСҚА, Тұран, ҚазҰПУ және Қазақстан-Неміс университеттерінің студенттерін қоса алғанда, қаланың басқа да жоғары оқу орындарының белсенділері шақырылды.
Саясат Нұрбек шетелдік университеттердің кампустарын ашу және технологиялар трансферті үшін жағдайлар жасау арқылы Қазақстанды ірі академиялық орталыққа айналдыру жөніндегі министрліктің жоспарларын таныстырды. Министрдің баяндамасында Қазақстанның стратегиялық жағдайы, оның экономикалық тұрақтылығы мен ынтымақтастық үшін әлеуеті атап өтілді, бұл еліміздің шетелдік студенттер мен халықаралық білім беру жобалары үшін тартымдылығын күшейтеді. Ведомство басшысы биыл Қазақстанға ақылы негізде оқуға дайын 30 мыңға жуық шетелдік студент келгенін атап өтті.
«Бұл бастаманың мақсаты – Орталық Азияда, бір жағынан, халықаралық университеттер үшін, екінші жағынан, 2 миллиардқа жуық халқы бар өңірлердің жастары үшін тартымды болатын ірі академиялық хаб құру. Қазақстан үшін бұл – мүмкіндіктердің терезесі, оны пайдаланып үлгеру қажет», - деп атап өтті министр. Сондай-ақ, оның айтуынша, мемлекет жер учаскелерін беру және түрлі ынталандыру шараларын ұсыну арқылы бұл бастаманы белсенді қолдап отыр, бұл мемлекет үшін де экономикалық пайда әкеледі.
Саясат Нұрбек сондай-ақ университеттердің оқу бағдарламаларына жасанды интеллект бойынша білім беру курстарының негізгі бағыттарын енгізу туралы министрліктің маңызды бастамасы туралы айтты. Курстар Google-мен бірлесіп әзірленген және жастардың цифрлық құзыреттілігін дамытуға бағытталған. Пилоттық жобаны қазірдің өзінде 14 университет іске асыра бастады және болашақта оны Қазақстанның басқа жоғары оқу орындарына енгізу жоспарланып отыр.
Кездесу соңында министр студенттердің сұрақтарына жауап беріп, Қазақстандағы жоғары білім мен ғылымды дамытудың өзекті мәселелері мен перспективалары туралы сөз қозғады. Талқыланған тақырыптардың қатарында білім беру бағдарламаларының сапасын арттыру, гибридті және онлайн оқыту мүмкіндіктері, сондай-ақ болашақ мамандарды даярлауға жасанды интеллектінің әсері болды. Студенттер ашық диалог құру мүмкіндігі үшін Саясат Нұрбекке алғыстарын білдірді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -