Қала мектептерінде алғашқы қоңыраулары соғылды
Дәстүрлі түрде бүгін, Білім күнінде Ақтөбенің барлық мектептерінде салтанатты жиын өткізілді. Биыл қала бойынша бірінші сыныпқа 11 мыңнан астам бала барды.Қала әкімі Азамат Бекет № 39 жалпы білім беретін қазақ мектебінде болып, мұғалімдерді, оқушыларды және олардың ата-аналарын Білім күнімен құттықтады.Мектеп ауласында 11 сыныптың 75 оқушысы мен 120 бірінші сынып оқушысы жиналды. Үш ай демалыстан ойы толып, бойы өсіп, есейіп келген оқушылармен мұғалімдері қуана қауышты. Салтанатты жиын Гимн орындаудан басталды.
Содан кейін қала әкімі жаңа оқу жылымен құттықтап, табыс тіледі.«Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беруді дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Біздің қалада білім саласын жаңғырту бойынша үлкен жұмыс жүргізілуде. Білім беру процесіне инновациялық технологиялар енгізілуде, жаңа мектептер салынуда, заманауи оқу жабдықтар сатып алынуда. Биылғы оқу жылында қаламызда барлығы 110 585 оқушы жаңа оқу жылын бастағалы отыр. Оның ішінде 11278 бүлдіршін алғаш мектеп табалдырығын бүгін аттады. Басқан қадамдары құтты болып, білім мен тәрбиені қатар меңгерулеріне тілектестік білдіреміз», - деді Азамат Бекет.
Сондай-ақ, қала әкімі балалардың дамуына қосқан зор үлесі үшін педагогтарға алғысын білдірді. Ал бірінші сынып оқушылары мектепке арналған өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Олар алғашқы сабақты алғашқы қоңырау сыңғырымен бастады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -