Алакөл ауданының тұрғындарымен кездесу өтті
Бүгін Алакөл ауданының тұрғындарымен жыл сайынғы кездесу өтті. Кездесу барысында негізінен тұрғын үй қатынастарына, әлеуметтік көмек көрсетуге, әлеуметтік нысандар салуға, жолдарды жөндеуге қатысты маңызды тақырыптар қозғалды. Тұрғындардың барлық сұрақтарына толық жауаптар мен түсініктемелер берілді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Бұл кезеңде өткен жылғы кездесуде көтерілген өзекті 8 мәселенің 7-уі түпкілікті шешімін тапты.
Тентек өзеніндегі бөгет пен Ақши ауылындағы электр желілері жөнделді. Көлбай ауылында дәрігерлік амбулатория құрылысы басталды, келесі жылғы жоспарда ауылдық клуб ашу бар. Үшарал қаласындағы жаңа құрылыс аймағында ауыз сумен қамтамасыз ету және көшелерді жарықтандыру мәселесі шешілді.
- Халықпен кездесуде Жандосов, Бейбітшілік, Ынтымақ көшелерінің тұрғындары атынан орталықтандырылған су құбыры мен көшелерді жарықтандыру мәселесін көтердім. Біз шетте тұрамыз, сусыз өте қиын болды. Қазір өзімізде су бар. Көшеге шамдар орнатылды, енді балалардың сабақтан үйге қайтуы ыңғайлы әрі қауіпсіз, - деді Айдана Тұтқабекова.
Мәселен, Үшарал қаласының тұрғыны Әлия Альмисаева тұрғын үй беру мәселесімен жүгінді, оның кезегі 68-ші. Жақында бес баланы тәрбиелеп отырған көпбалалы ананың өрт салдарынан уақытша баспанасынан айырылғанын ескеріп, демеушілерді тарта отырып, оның отбасына көмек көрсету тапсырылды.
«Үшарал – Арқарлы» және «Қабанбай – Тоқжайлау» жолдарын жөндеу мәселесі де тұрғындарды алаңдатуда. Атап өтілгендей, жөндеу жоспарлары жасалған. Келесі жылы жалпы ұзындығы 80 шақырым осы учаскелерді кезең-кезеңімен ағымдағы және орташа жөндеумен қамту жоспарлануда.
Кездесу барысында Үшарал қаласындағы 2 әскери қалашықтың мәселелері көтерілді. Тұрғындар қоқыс жәшіктерінің, көше жарығының жоқтығына және қаңғыбас иттердің көптігіне шағымданды. Осы проблемалық мәселелердің барлығы аудан деңгейінде шешілуге жатады, осыған байланысты жергілікті жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берілді.
Үшарал қаласында жаңа мектеп пайдалануға берілгеннен кейін балалар шығармашылық орталығы ашылады. Мектептің құрылысы келесі жылы бастау жоспарлануда. Нәтижесінде қазіргі қолданыстағы С. Иманасов атындағы орта мектептің босайтын ғимараты орталыққа беріледі.
Жалпы, кездесу қорытындысы бойынша тұрғындар көтерген әрбір мәселені шешу жолдары туралы ақпарат берілді.
Сондай-ақ, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізілді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фототілші: Жеңіс Ысқабай
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -