Алматыда Республика күніне орай Мемлекеттік туды көтеру рәсімі өтті
«Медеу» мұз айдынында Мемлекеттік туды көтеру бойынша салтанатты рәсім өтті. Іс-шараға Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ қала тұрғындары қатысты.
Туды көтеру рәсімі дәстүр бойынша әскери оркестрдің сүйемелдеуімен мемлекеттік әнұранды орындаумен жалғасты. Мемлекеттік тудың ауданы 98 шаршы метр болса, биіктігі 40 метр.
Еске сала кетейік, Республика күні қарсаңында қала әкімі Ерболат Досаев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мемлекеттік марапаттарды табыстады. Марапатталғандардың арасында елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына елеулі үлес қосқан алматылықтар бар. Сондай-ақ Республика сарайында мерекелік концерт өтті.
Бүгін Алматыда мерекеге орай дрондар шоуы өтеді: сағат 21:00-де Абай алаңында, ал 21:30-да «Астана» алаңында 500-ден астам дрон синхронды түрде көкке көтеріліп, ұлттық мәдениет элементтері мен ел тарихындағы маңызды сәттерді бейнелейтін 3D бейнелер жасайды. Жарық и қондырғылары музыкалық шығармалармен сүйемелденеді, бұл ұлттық бірлік пен мақтаныш рухын айшықтайды.
Бұған қоса, сағат 20:00-де Республика күніне орай «Көктөбе» телемұнарасында мерекелік сәулеттік жарықтандыру қосылады. Айта кетсек, телемұнараның жарықтандыру жүйесі 30 тамызда іске қосылып, Алматының маңызды нысандарының бірі ретінде жаңартылған.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -