Астанада 30-дан астам мектеп салынып жатыр
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында мектеп мәселесі қалай шешіліп жатқаны туралы жазды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Астананың жаңа Бас жоспарында 2035 жылға дейін 430-дан астам әлеуметтік нысанның (мектептер, балабақшалар, медициналық мекемелер) құрылысы қарастырылған. Ал оның ішінде 164 нысан – мектеп. Осы жоспарды біртіндеп орындаймыз.Қазіргі уақытта қалада 100 мыңға жуық оқушы орнына (екі ауысымды) арналған 30-дан астам мектептің құрылысы жүріп жатыр. Жаңа оқу жылы ішінде 23 мектеп салынады. Бұл елорда үшін рекордты көрсеткіш болып саналады.Мәселен, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Samruk-Kazyna Construction қалада 24 жайлы мектеп (2024-2025 жылдар аралығында) салады. Жаңа үлгідегі мектептер екі ауысымда 90 мың оқушы орнын ашуға мүмкіндік береді.
Қаланы аралау барысында алдағы оқу жылының басында ашылатын мектептердің құрылысымен таныстым. Олар – 8 жайлы мектеп, мына мекенжайларда орналасқан:
- Сарыарқа ауданы, Ұлытау мен Наурыз көшелерінің қиылысында және Бейбарыс Сұлтан көшесінде;- Нұра ауданы, Төле би көшесі мен 24 көшенің қиылысында;- Есіл ауданы, Қабанбай батыр даңғылы мен Сығанақ көшесінің қиылысында;- Нұра ауданы, Төле би, 31 көшелерінде, Мәңгілік ел даңғылы мен Е-497 көшесінің қиылысында, Орынбор мен №37 көшелерінің қиылысында;- Алматы ауданы, А.Байтұрсынұлы көшесінде.
Сол сияқты оқу жылының басында жоғарыда аталған оқу орындарынан бөлек тағы 3 мемлекеттік және бір жеке мектеп ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жыл соңына дейін тағы 7 жайлы мектеп, 2 мемлекеттік мектеп және 2 жекеменшік мектеп ашу жоспарда бар.Осылайша, жаңа оқу жылы ішінде 23 мектеп салынады. Біз сондай-ақ алдағы жылдарға да дайындалып отырмыз», - деп жазды елорда әкімі.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -