Астанада қарбалас уақытта жүк көліктерінің қозғалысына шектеу енгізу жоспаланып отыр
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында жүк көліктеріне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Ауыр және ірі көлемді көлік құралдары жүргізушілерінің көпшілігі жүктің салмақ параметрлерін сақтамайды. Мысалы, 25 тоннаның орнына 100 тоннаға дейін, тіпті одан да көп жүк тасымалдап жүруі мүмкін. Бұл бірқатар қолайсыздық тудырады: жол қозғалысының өзге қатысушыларына қиындық тудырады, әрі жолға үлкен жүктеме түсіреді. Өздеріңіз білетіндей, елордада қыркүйек айынан бастап автокөлік өлшейтін автоматтандырылған жүйе іске қосылады. Жүйе қазірдің өзінде сынақ режимінде жұмыс істейді. Автоматтандырылған өлшеу жүйесі қалаға негізгі кіреберістерде – Павлодар, Қарағанды, Қостанай, Көкшетау, Қосшы қалалары, сондай-ақ Қараөткел және Малотимофеевка ауылдары тұсынан орнатылған. Соңғы айда 10 мыңнан астам заңбұзушылық тіркелді. Бұл жүйе жүк көліктерінің салмағын бақылауға, қаланың көлік инфрақұрылымының жалпы деңгейін жақсартуға, өзге де көліктердің кедергісіз жүруі үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.
Бүгін ҚР Көлік министрлігінің, қала полициясының, тасымалдаушы компаниялардың және құрылыс компанияларының өкілдерімен кездестім. Жүк көліктерінің салмағын бақылау шараларын талқыладық. Қарбалас уақытта ауыр және ірі көлемді көлік құралдарының қозғалысына шектеулер енгізуді жоспарлап отырмыз.
Мәселен, ауыр және ірі көлемді көлік құралдарының рұқсат етілген салмағы мына мөлшерден аспауы керек:
- үш осьті (М3 санатындағы буынды автобустарды қоспағанда) – 25 тонна;- төрт осьті, оның ішінде екі басқарылатын осі бар – 32 тонна;- бес осьті – 38 тонна- алты немесе одан да көп осьтері бар – 44 тонна.
Осылайша, жалпы салмақ жүктің де, көліктің де салмағын қамтиды.
Артық салмақ болған жағдайда 3 миллион 700 мың теңгеге дейін айыппұл салынады. Айыппұл мөлшері оське шаққандағы салмақтың арту дәрежесіне және кәсіпкерлік түріне байланысты – шағын, орта немесе ірі – 40 АЕК-тен (147 мың 680 теңге) 1000 АЕК-ке (3 млн 692 мың теңге) дейін өзгеруі мүмкін.
Осыған байланысты тасымалдаушылар әкімшілік айыппұлдарды болдырмау үшін салмақ параметрлерінің сақталуын мұқият бақылауда ұстауы қажет», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -