Астанада бизнес-қоғамдастық үшін жаңа Салық кодексі жобасының таныстырылымы өтті
Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин мен Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов бизнес қоғамдастығына жаңа Салық кодексі жобасының негізгі тәсілдерін таныстырды. Іс-шара «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында өтті. Шараға Қазақстанның барлық өңірінен 400-ден астам кәсіпкер, қауымдастық әрі қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Азамат Әмрин өз сөзінде барлық жаңа тәсілдер мен жоспарланған өзгерістерді салық саясаты тұжырымдамасында көрсету ұсынылатынын, ал түйіткілді мәселелерді бірыңғай түсіндіру үшін Премьер-Министрдің орынбасары деңгейінде әдістемелік кеңес құру жоспарланып отырғанын атап өтті.
Вице-министр биыл әкімшілендіруге көп көңіл бөлінгенін, сондай-ақ салық саясатын өзгерту аясында ұсынылатын негізгі өзгерістер туралы айтып берді.
Атап айтқанда, қолданыстағы арнайы салық режимдерін – оңайлатылған режимді және бөлшек салықты біріктіру жоспарлануда.
Корпоративтік табыс салығының сараланған мөлшерлемесін енгізу ұсынылады: базалық мөлшерлеме 20% сақталады, банк секторы мен ойын бизнесі үшін мөлшерлемені 25% деңгейінде белгілеу, өңдеу өнеркәсібі, қаржы лизингі және әлеуметтік сала үшін мөлшерлемені 10%-ға дейін төмендету, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін мөлшерлемені 3% деңгейінде сақтау ұсынылады.
Инвестицияларды ынталандыру мақсатында КТС-тан, жер салығы және инвестициялық келісімшарттар мен АЭА қатысушылары бойынша мүлік салығынан 100% босату үшін салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Кездесу барысында қатысушылар жаңа жобаға қатысты сауалдарын қойып, өз ұсыныстарын енгізуге мүмкіндік алды. Айта кету қажет, жарияланған жаңашылдықтардың басым бөлігін Кодекс жобасын талқылау бойынша жұмыс топтарына қатысқан кәсіпкерлердің өздері ұсынған болатын.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -