Астанада Конституция күніне орай бұқаралық жүгіру іс-шарасы өтті
Конституция күніне орай Сарыарқа ауданында жүгіруден спорттық шара ұйымдастырылды, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
31 тамыз күні ҚР Конституциясы күніне орай Saryarqa Run бұқаралық жүгірісі өтті.
«Saryarqa Run марафоны Конституция күнін атап өту қарсаңында ұйымдастырылып, 5 шақырымдық қашықтықты жүгіріп өтуге дайын қатысушыларды жинағанына қуаныштымыз. Бүгін спорттық марафонға 16 жастан бастап 64 жасқа дейін 500-ден астам әуесқой спортшы қатысты. Ең бірінші мәреге қатысушы 15 минутта келсе, соңы 40 минутта жетті. Болашақта тағы да ұйымдастыру жоспарда бар. Барша спортсүйер қауымды алда біздің ауданда өтетін дәстүрлі «Koktal run»-да күтеміз», - деді Сарыарқа ауданы Әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Әділ Қапсалямов.
23 тамыз күні Saryarqa Run жүгірісіне тіркелу ашылып, санаулы сағаттың ішінде 500 адам тіркелді. Жарыстың талабы бойынша тек 16 жастан асқан азаматтар ғана қатысуға мүмкіндік алды. Өзге жүгірістерден ерекшелігі – тіркелген әуесқой спортшылар ешқандай жарна төлемеді.
«Ұзақ уақыттан бері айналысқандықтан, марафон қашықтықтарына ден қоямын. Бүгінгі шараны тек жаттығу ретінде санаймын. Жастарға берер кеңесім: жастарды салауатты өмір салтын ұстануға кеңес беремін. Бірден 10, 21 шақырымға жүгірмей, аз-аздан бастағандары дұрыс. Әуелі денені қыздырып алған маңызды. Өйткені 5-10 минуттық қарапайым жаттығу болмаса, жарақат алып қалу қаупі жоғары. Өзіме тиген пайдасы – ауруханаға өте сирек барамын. Дәріні сатып алғанша, күнделікті тегін жүгіріп, өзіңмен жұмыс істегенге не жетсін», - дейді 64 жастағы Талапнұр Байзақ атты қатысушы.
Зейнеткер кісі 5 шақырым қашықтықты 27 минутта жүгіріп өтіп, біршама жастарды басып озды.
Жарыстың нәтижесі бойынша, ерлер мен әйелдер 16-49 және 50 жастан жоғары санатта арнайы марапатталды.
16-49 жас. Ерлер.1-орын: Әкім Еркебай;2-орын: Қуаныш Бекенов;3-орын: Архат Қалдыбек.
16-49 жас. Әйелдер.1-орын: Диана Ержанова;2-орын: Гүлмира Ғазизқызы;3-орын: Әлия Асылбекова.
50 жастан жоғары. Ерлер.1-орын: Меңдібай Әлімғазинов;2-орын: Алекс Амиот;3-орын: Ержан Жиекбаев.
50 жастан жоғары. Әйелдер.1-орын: Динара Шаймерденова;2-орын: Насипа Шынбаева;3-орын: Ботагөз Ақжігітова.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -