Астанада Олимпиада спортшыларын қолдауға арналған іс-шара өтті
Олимпиадалық қозғалысты насихаттау және спортшыларымызды қолдау мақсатында арнайы іс-шара өтті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Отандық спорт үшін 2024 жылдағы басты дода – Париж Олимпиадасы мен V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны. Осы орайда бокстан Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев, ауыр атлетикадан 2 дүркін әлем чемпионы Светлана Подобедова, парапауэрлифтингтен Рио Паралимпиадасының күміс жүлдегері Раушан Қойшыбаева салтанатты іс-шараға қатысып, әлемдік бәсекеге қатысатын жерлестерімізге сәттілік тіледі.
Париж Олимпиадасының басталуына 70 күн, Париж Паралимпиадасының басталуына 102 күн, V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының басталуына 111 күн қалды.
«Аз ғана мерзім қалса да, отандастарымыз әлі толыққанды жолдама алған жоқ. Дәл қазіргі сәтте спорттық гимнастика мен үстел теннисінен спортшыларымыз Өзбекстанда бақ сынап жатса, брейкинг пен құзға өрмелеушілеріміз Қытайда лицензияға таласуда.
Бүгінгі шараның өткеніне өте қуаныштымын. Бәріңізге қолдауға және салауатты өмір салтын ұстануға шақырамын», - деді Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев.
Әзірше Париж Олимпиадасы бойынша Қазақстан қоржынында 51 лицензия бар.
Париж Паралимпиадасының жолдамасына Астана қаласынан 5 параспортшы әлі таласып жатыр. Парадзюдодан шешуші ұпай үлестірілетін жарыс Тбилисиде ұйымдастырылып, маусым айында толық рейтинг жарияланады. Дәл қазіргі сәтте Ақмарал Науатбек әлемдік рейтингте 1-орын, Ерғали Шамей 3-орында, Бауыржан Арыстанбек 6-орында тұр.
аратеннистен де Алтынай Ержанқызының мүмкіндігі бар. Ал паражүзуден Токио Олимпиадасының қатысушысы Сиязбек Далиев нормативті орындағанымен, әлі толық шешім шыққан жоқ.
«Соңғы жылдардағы көрсеткіштерге қарап, елордамызда параспорт қарқынды дамып жатыр деуге негіз бар. Мысалы, 2018 жылы Жакартадағы Азия Пара ойындарына Астанадан 5 параспортшы қатысса, 2023 жылы Ханчжоуда олардың саны 2 есеге артты», - деді Астана қаласы әкімдігінің «Мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған «Елорда» спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесің басшысы Азамат Тағаев.
Айта кетейік, қатысушылар тек қана танымал спортшыларды көріп қана қоймай, түрлі викторина сұрақтарына жауап берді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -