АСТАНАДА ӨТКЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯДА РЕСПУБЛИКАНЫҢ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ АККРЕДИТТЕУ ЖҮЙЕСІНІҢ 15 ЖЫЛДЫҒЫ АТАП ӨТІЛДІ
Астанада денсаулық сақтаудағы аккредиттеу жүйесінің 15 жылдығына орай «Пациент назарда» медициналық көмектің сапасы мен аккредиттеу бойынша халықаралық конференция өтті, онда қатысушылар медициналық көмектің сапасын арттырудағы тәжірибелерімен бөлісті.
Аккредиттеу жүйесі медициналық ұйымның жұмысының барлық аспектілерінде стандарттарға сәйкестігін ерікті бағалау арқылы медициналық қызметтердің жоғары сапасын және пациенттердің қауіпсіздігін ынталандыруға арналған. Бүгінгі таңда аккредиттеу қазақстандық денсаулық сақтау жүйесінің ажырамас бөлігіне айналды.
Денсаулық сақтаудағы аккредиттеу тәжірибесі аккредиттелген медициналық ұйымдар ұжымдарының арасында сапа стандарттарына бейілділік мәдениетін кезең-кезеңімен дамытуға, аккредиттеуші агенттіктерді тану жүйесін бағалаудың толық тәуелсіздігі бар дамыған елдердің моделіне айналдыруға, аккредиттеуден кейінгі мониторинг арқылы аккредиттеуші органның рөлін институционалдық нығайтуға, сондай-ақ сапа стандарттарына сәйкес жұмыс істейтін денсаулық сақтау жүйесінің мыңдаған қызметкерлерінің әлеуетін арттыруға мүмкіндік берді.
Екі күннің ішінде Қазақстан, Греция, Моңғолия, Ресей, Сербия, АҚШ, Тәжікстан, Өзбекстан және Франциядан келген конференцияның 500-ден астам қатысушысы мен спикері медициналық көмектің сапасын арттыру және пациенттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы білімдерімен және озық тәжірибелерімен тиімді алмасты.
Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев денсаулық сақтау жүйесінің басшылары мен қызметкерлерінің арасындағы инновацияларға ашықтық пен сабақтастықтың арқасында Қазақстанда аккредиттеу агенттіктері үшін бәсекелестік ортадан, медициналық ұйымдардың 55%-дан астамының ерікті аккредиттеуге белсенді қатысуынан, аккредиттеудің халықаралық-аккредиттелген стандарттарынан және сыртқы кешенді бағалау бойынша сарапшы аудиторларды даярлаудың халықаралық-танылған бағдарламасынан тұратын толыққанды аккредиттеу жүйесі құрылғанын атап өтті.
«Медициналық көмекті қаржыландыру арқылы сапа мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету» тақырыбындағы алғашқы панелдік талқылауда ДДҰ кеңесшісі Айнұр Айыпханова модерациялауымен Халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары Ілияс Бәкіров; ДДҰ-ның Қазақстандағы елдік офисінің басшысы доктор Скендер Сыла; «ӘМСҚ»КеАҚ Басқарма төрағасы Әбілқайыр Сқақов; Ресей Федерациясының міндетті медициналық сақтандыру Федералдық қорының төрағасы Илья Баланин және QazMed медициналық қызметкерлерінің кәсіптік одағы төрағасының кеңесшісі, бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов сөз сөйледі. Қазақстан мен Ресейдің медициналық сақтандыру қорларының басшылары аудиторияны медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде медициналық қызметтердің жоғары сапасын ынталандыру тәжірибесімен таныстырды. Қазақстан мен Ресейдің медициналық сақтандыру қорларының бірінші басшыларымен Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
15 жылдың ішінде жүйелі жұмыстың нәтижесінде Қазақстанда бекітілген ACQH аккредиттеу ұйымының стандарттары мен қызметтерін Моңғолия, Ресей және Өзбекстанның жетекші медициналық ұйымдары пайдаланады, олардың басшыларына конференцияда қазақстандық ACQH аккредиттеу орталығының тарапынан тәуелсіз сыртқы кешенді бағалау қорытындысы бойынша халықаралық аккредиттеу туралы куәліктер салтанатты түрде табыс етілді. Іс-шараның негізгі ұйымдастырушысы «ACQH» ҚБ басшысы Ботагөз Каупбапева да жақын және алыс шетелдерден келген әріптестермен ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумдарға қол қойды.
Конференцияға қатысушылар 2009 жылы Қазақстан ТМД-да бірінші болып медициналық көмектің сапасын тұрақты арттыру үшін берік негіз қалап, Ұлттық аккредиттеу жүйесін құрғанын атап өтті. Бүгінгі таңда аккредиттеу стандарттары да, ACQH аккредиттеу агенттігі де, аудиторларды даярлау бағдарламасы да халықаралық талаптарға сәйкестігін дәлелдейтін және қазақстандық қызметтердің халықаралық экспортын қамтамасыз ететін International Society for Quality in Healthcare (ISQua) компаниясынан халықаралық аккредиттеуді алды. Енді бұл тәжірибені Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан қабылдайды.
Конференцияның шеңберінде еңбек сіңірген денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне, медициналық көмектің сапасын арттыруға елеулі үлес қосқан аккредиттеу жөніндегі сарапшыларға «Аккредиттеу жүйесіне қосқан үлесі үшін» медальдар табысталды. Ұйымдастырушылар аккредиттеу жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін 2010-2014 жылдары ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың қызына естелік хат пен кәдесый табыс етті.
Қатысушылар денсаулық сақтау саласындағы ұлттық сапа стратегиясын қабылдау және ұлттық сапа есебін қалыптастыру қажеттілігі сияқты медициналық көмектің сапасын одан әрі арттыру үшін ұсынылатын жүйелі шараларды қамтитын конференцияның Қарарын қабылдады. Қарар барлық мүдделі тараптарға жұмыс істеуге жіберілді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -