Астанада жергілікті әскери басқару органдары басшылық құрамының оқу-әдістемелік жиыны өтті
Қарулы күштер Бас штабының ұйымдастыруымен азаматтарды мерзімді әскери қызметке көктемгі шақырудың қорытындысы шығарылып, жаңа кезеңге міндеттер қойған оқу-әдістемелік жиын өтті.
Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжде өткен жиынға қатысушылармен Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов кездесті.
– Әскерге шақыру науқаны аясында Қарулы күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға 19 640 адам шақырылды. Осылайша, көктемгі әскерге шақыру жоспары толық көлемде орындалды, – деді ол.
Министрдің бірінші орынбасары әскерге шақырылушыларды зерделеу мен іріктеуге, сондай-ақ әскерлерді жас сарбаздармен уақтылы жасақтау жұмыстарының сапасын жақсарту қажеттігін атап өтті. Ол, сондай-ақ әскери жиындарға қатысты әскери міндеттілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, олардың денсаулық жағдайына ерекше назар аударуды талап етті.
– Ағымдағы жылы Қарулы күштер мен ҰҚК Шекара қызметінің әскери басқару органдары мен әскери бөлімдерінде жиындық іс-шаралар өткізу жоспарланған. Оған барлығы 5 мыңнан астам адам шақырылады, – деп нақтылады Бас штаб бастығы.
Жиында жергілікті әскери басқару органдарының басшылық құрамына әскери бөлімдермен өзара іс-қимыл ұйымдастыру, әскерге шақырылушыларды зерделеу мен іріктеу тәртібі, әскерлер қызметі және диверсияға қарсы қауіпсіздік, әскери-патриоттық жұмыс және ардагерлермен өзара іс-қимыл тақырыптарында дәрістер өткізілді.
Цифрлық технологияларды енгізуді ескере отырып, жергілікті әскери басқару органдарына мемлекеттік қызметтер көрсету, жұмылдыру ресурстарын автоматтандырылған есепке алуды ұйымдастыру мен жүргізу мәселелері егжей-тегжейлі қаралды.
Іс-шараларға қауіпсіздік шаралары, саптық, атыс және дене шынықтыру сабақтары кірді. Жиынға қатысушылар сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама нормаларын білуден, қорғаныс, мемлекеттік-құқықтық, жұмылдыру дайындығы және мемлекеттік құпияларды қорғау бойынша сынақтар тапсырды. Офицерлерді тестілеудің, сондай-ақ олардың кәсіби және моральдық-психологиялық деңгейін тексеру нәтижелері аттестаттау кезінде ескерілетін болады
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -