Астаналық 100 өнерпаз зейнеткер этноауылда өнер көрсетті
«Ұлы дала дүбірі» 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында елордадағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының өнерпаз зейнеткерлері этноауылда концерттік бағдарлама ұсынды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Сарыарқа ауданы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының басшысы Кенжеболат Бапишевтің айтуынша, бүгінгі мерекелік іс-шараға ауданан 100 зейнеткер қатысып жатыр.
Көшпенділер ойынының қонақтары мен көрермендеріне арналған концертте зейнеткерлерден құралған «Асыл мұра» домбырашылар ансамблі өнер көрсетті. Сондай-ақ сәнқой әжелерден құралған «Kerbez_models» тобы, халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпаздары «Қыздар-ай» хореографиялық ансамблі мен «Кел, шырқайық!» тележобасының бас жүлдегерлері «Әдемі» вокалдық ансамблі де көрермен ықыласына бөленді.
Сонымен қатар концерттік іс-шарада 50-ге жуық спортшы ата-әжелер «Айкүне» қазақ гимнастикасын көрермен назарына ұсынды. Қойылымға қазақ гимнастикасының авторы, дәстүрлі түрік медицинасының шебері, ұстаз Абай Баймағамбетов өзі жетекшілік етті.
Одан бөлек, этноауылда қолөнерші әжелер көрмеге өз қолымен жасаған бұйымдарды ұсынды. Ал ерікті зейнеткерлер көшпенділер ойындары кезінде қоғамдық жұмыстарға атсалысып жатыр.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -