Атырауда кинологиялық есептердің сертификаттау сынағы аяқталды
Атырау облысы ТЖД жедел-құтқару жасағының кинологиялық есептоптарына сертификаттау сынағы өткізілді.
Іс–шараның мақсаты – кинологиялық есептердің дайындық деңгейін тексеру, сыныптық біліктілікті беру немесе растау. Сертификаттау іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуге рұқсат беру үшін қызметтік иттердің дайындық деңгейін анықтау үшін міндетті болып табылады.
Аттестациялық тексеру үш кезең бойынша өткізілді: І кезең - мойынсұну және ептілік, ІІ кезең – табиғи орта жағдайындағы іздестіру-құтқару жұмыстары, ІІІ кезең - қираған ғимараттар мен құрылыстардың үйінділері жағдайындағы іздестіру-құтқару жұмыстары.
І кезең жедел-құтқару жасағының базасында өткізілді. Қатысқан үш бельгиялық құтқарушы иттер: Абрек, Гром, Онай кинологпен бірге мойынсұну және ептілікті анықтауға бағытталған жаттығуларды орындады. Әрбір жаттығу 5 балдық шкала бойынша бағаланды.
«Табиғи ортада зардап шеккен адамды іздеу» тақырыбы бойынша ІІ кезең Атырау қ. Ақжар ауылында, Жайық өзенінің жағасында өткізілді. Құтқарушы иттер белсенді түрде зардап шегушілерді іздестірді.
«Қираған ғимараттар мен құрылыстардың үйінділері жағдайында іздестіру-құтқару жұмыстары кезеңі» ІІІ кезең Атырау қаласының Балықшы ауданында ескі қираған ғимаратта өткізілді. Әрбір кинологиялық есеп берілген аумақта 20 минут ішінде іздестіру аймағынан 3 зардап шегушінің екеуін табуы қажет. Іздестіру аймағы ескі қираған балабақша ғимараты болды, жалпы көлемі 2 мың шаршы метр.
«Зардап шегушіні тапқан кезде, кинологына үру арқылы белгі беруі тиіс. Көп жағдайда зардап шегушінің ізін табалмаған кезде, иттер иіс арқылы іздеуге кіріседі. Барлық адам өкпесінен бірдей иіс бөлінеді. Құтқарушы иттер осы иіс арқылы іздеп табады», - деп атап өтті жедел-құтқару жасағының кинологиялық бөлімшесінің бас құтқарушысы Т. Сарсенғалиев.
Барлық кезеңнің қорытындысы бойынша, белсенділігі мен кәсіби дайындығы үшін, Атырау облысының жедел құтқару жасағының 3 құтқарушы иті сертификаттаудың «А» классына өтіп, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге рұқсат алды.
Атырау облысы ТЖД
қоғаммен байланыс тобы
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -