Ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы – ақылды ауыл шаруашылығы және жасыл даму
Шанхай ынтымақтастық ұйымының хатшылығында осындай атаумен дөңгелек үстел өтті. Шара ШЫҰ аясындағы заманауи ауыл шаруашылығы мәселелеріне арналды.
Іс-шараға ШЫҰ Хатшылығының өкілдері, мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының басшылары мен мүше-өкілдері қатысты.
ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков баяндама жасады.
Ол Қазақстан жетекші ауыл шаруашылығы елдерінің бірі бола отырып, өндірістің тиімділігін арттыру және агросектордың тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін озық агротехнологияларды белсенді енгізіп жатқандығын атап өтті.
«Өсімдік шаруашылығын тұрақты дамыту жолындағы негізгі қадамдардың бірі егіс алқаптарын әртараптандыру болып табылады. Біз су сыйымды дақылдар алқабын азайтып, майлы дақылдар, жүгері, жемшөп дақылдары мен көкөністер сияқты жоғары рентабельді сорттарға көшеміз», - деп атап өтті Ербол Тасжүреков.
Аурулар мен стресстік жағдайларға төзімді жоғары өнімді сорттарды құруға бағытталған отандық тұқым өндірісін дамытуға ерекше назар аударылады. Осыған байланысты селекция мен тұқым шаруашылығын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған жоспары қабылданды, ол климаттың өзгеруіне бейімделген отандық селекция жүйесін құруды көздейді.
Вице-министр сондай-ақ жоспар шеңберінде 2028 жылға қарай ауыл шаруашылығы дақылдарының отандық тұқымдарымен қамтамасыз етілуі 80% - ға жететінін айтты.
Елімізде заманауи сүт-тауар фермалары мен ет агрокешендерін құру, тікелей шетелдік инвестицияларды тарту және өзара тиімді негізде ауыл шаруашылығында бірлескен өндірістер құру туралы айтылды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -