Қазақстан АМЛ-ИЫҰ кезектен тыс саммитіне қатысты
Ар-Рияд, 2024 жылғы 11 қараша – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Палестина мәселесін реттеу және Ливандағы жағдайды тұрақтандыру бойынша Араб мемлекеттері лигасы (АМЛ) мен Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) бірлескен кезектен тыс Саммитіне қатысты.
Іс-шара барысында мүше мемлекеттердің өкілдері геосаяси ахуалды, ислам әлемі алдында тұрған сын-қатерлер мен қауіптерді, соның ішінде Таяу Шығыстағы ағымдағы оқиғаларды талқылады.
Өз сөзінде М. Нұртілеу ИЫҰ-ның өңірдегі мұсылман үмбетінің елдерінде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелеріне белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтіп, ИЫҰ мен АМЛ мүшелерін ағымдағы қақтығыстарды тез арада реттеу бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуге шақырды.
ҚР сыртқы саяси ведомствосының басшысы халықаралық қауымдастықтың Голан шыңдарында, Ливанда және әлемнің басқа аймақтарындағы БҰҰ-ның бітімгершілік миссияларының маңызды рөлін естен шығармауы керектігін ерекше атап өтті.
Осыған байланысты БҰҰ-ның бітімгершілеріне және дипломатиялық миссияларға жасалған шабуылдардың халықаралық және гуманитарлық құқықтың өрескел бұзылуы болып табылатындығы және оған жол бермеу қажеттілігі аталып өтті.
Қазақ делегациясының басшысы сондай-ақ ИЫҰ-ға мүше мемлекеттерді Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының әлеуетін пайдалануға және зардап шеккен Палестинаның тұрғындарына азық-түлікпен көмек көрсету үшін осы Ұйымның қаржы жинау бастамасын қолдауға шақырды.
Саммит аясында ҚР сыртқы саяси ведомствосының басшысы Гвинея-Бисаудың Сыртқы істер министрі Карлос Пинто Перейрамен, Тунистің Сыртқы істер министрі Мұхамед Али Нафти, Брунейдің Сыртқы істер министрі Эриван Юсуф, Малидің Сыртқы істер министрі Абдулай Диоп, Кувейттің Сыртқы істер министрі Абдулла Али Әл-Яхья, Қырғызстан Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев, Оманның Сыртқы істер министрі Бадр бин Хамад Әл-Бусаиди, Марокконың Сыртқы істер министрі Нассер Бурито және Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрі Файсал бин Фархан Әл Саудпен екіжақты кездесулер өткізіп, олардың барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.
Анықтама: АМЛ-ИЫҰ алғашқы кезектен тыс Саммиті 2023 жылғы 11 қарашада Ар-Рияд қаласында (Сауд Арабиясы) өтті. Кездесудің нәтижесі бойынша қорытынды қарар қабылданып, Газадағы әскери іс-қимылдарды тоқтатуға және Палестина халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Газа секторы бойынша Министрлік байланыс тобы құрылды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -