Қазақстан энергетикадағы ынтымақтастыққа ашық: Энергетика министрі Санкт-Петербургтегі Халықаралық экономикалық форум аясында сөз сөйледі
ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Санкт-Петербург қаласында XXVII Халықаралық экономикалық форум аясында өткен ТМД Электр энергетикалық кеңесінің 64-ші отырысына қатысты.
Кеңеске қатысушылар алдында сөз сөйлеген министр бүгінде Қазақстан Республикасының энергетикалық жүйесінің алдында қолданыстағы энергия көздерін жаңғырту және жаңаларын салу, өзекті болып табылатын шығарындыларды азайту технологиялары, Smart Grid және энергия сақтау жүйелерін енгізу бойынша ауқымды міндеттер тұрғанын атап өтті.
Қазақстан Энергетика министрлігінің басшысы республика іргелес мемлекеттердің энергожүйелерімен үйлесімді даму саясатына бейілділігін жариялайтынын атап өтті. Осылайша, Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесі Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан энергетикалық жүйелерін қамтитын Ресейдің энергетикалық жүйесімен және Орталық Азияның Біріккен энергетикалық жүйесімен қатар жұмыс істейді.
Бірыңғай сатып алушы тетігін енгізе отырып, Ресейден электр энергиясын жоспарлы жеткізуді жүзеге асыру мүмкіндігі қамтамасыз етілді, соның арқасында еліміздің электр станцияларына кең ауқымды жөндеу науқанын жүргізуге мүмкіндік туды.
Біздің жүйелердің жұмыс істеуінің қолданыстағы тәртібі Ресей Федерациясынан Қырғызстан Республикасына электр энергиясының транзитін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
А.Сәтқалиев ТМД елдерінен келген әріптестеріне Қазақстанда жаңа қуаттарды іске қосу жоспарын әзірлеу және оны жүзеге асыруға көршілес елдердің қатысуы туралы айтып берді.
Мәселен, Ресей Федерациясымен қол жеткізілген уағдаластықтар аясында Көкшетау, Өскемен және Семей қалаларында жаңа ЖЭО салу жоспарлануда. Қазақстан сондай-ақ Қырғызстан Республикасының аумағында Қамбарата ГЭС-1 салу жөніндегі жобаға қатысады.
"Қазақстан барлық жаңа стратегиялық бастамалар мен өзара тиімді ынтымақтастық үшін ашық", - деп атап өтті А.Сәтқалиев.
Отырыс барысында ТМД Электр энергетикалық кеңесі мен Атқару Комитетінің іс-шаралар жоспарының жобалары, ТМД ЭЭЖ жанындағы Үйлестіру кеңесінің жұмысы мақұлданды.
Сонымен қатар, қатысушылар Ресей Федерациясының Энергетика министрі Сергей Цивилевтің ТМД Электр энергетикалық кеңесінің президенті лауазымына кандидатурасын мақұлдады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -