Қазақстан мен Франция жаңартылатын энергия көздері саласындағы ынтымақтастықты күшейтуде
Астана, 2024 жылғы 21 тамыз – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров пен «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбек Францияның даму агенттігінің (AFD) делегациясымен, оның ішінде Астана қаласындағы агенттіктің жаңа өкілдігін басқарған Гүлноза Калленспен кездесті. Кездесу барысында тараптар агенттіктің Қазақстандағы қызметін талқылады.
AFD-нің Қазақстандағы жұмысындағы басым бағыттардың бірі – жаңартылатын энергия көздерін дамыту және тұрақты энергетикаға көшуге қолдау көрсету. Ә. Қуантыров агенттік өкілдерін Қазақстандағы жаңартылатын энергия көздерін дамыту перспективасымен таныстырды:
«Бұл сектор экономиканың айтарлықтай пайдаланылмаған әлеуетіне ие және елдің энергетикалық кешенін дамытудың негізгі бағыты болып табылады. Компоненттерге деген сұраныс негізінен Қытай мен Ресейден импорт арқылы қанағаттандырылады. Сонымен қатар географиялық және климаттық жағдайлар Қазақстанға өңірдегі тұрақты энергетика өндірісін ұлғайтуда стратегиялық артықшылық береді, ал компоненттерге деген сұраныс жаңартылатын энергия көздері саласындағы инвестициялық жобалардың көптігіне байланысты артып келеді. Осылайша, жаңартылатын энергия көздері компоненттерін өндіру нарығы отандық және шетелдік инвесторлар үшін үлкен мүмкіндіктерді ұсынады, және біз бұл бағыттағы инвестициялық жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз».
Тараптар сондай-ақ денсаулық сақтау және өңірлік даму салаларындағы агенттіктің болашақ жобаларын талқылады.
Кездесу соңында Г. Калленс Қазақстан тарапына көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдіріп, келешекте перспективалы жобаларды іске асыруда одан әрі ынтымақтастыққа үміт білдірді.
AFD – дамушы елдерде мемлекеттік мекемелер мен жеке компанияларды қолдау арқылы жобаларды қаржыландыратын Франция үкіметінің агенттігі. Еуразия бойынша өңірлік кеңсе төрт бағытта жұмыс істейді: қалалардың тұрақты дамуы, табиғи ресурстарды кешенді аумақтық басқару, таза энергияға көшу және инклюзивті саяси және экономикалық даму модельдері.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -