Қазақстан посткеңестік елдер арасында шетелдік инвестицияларды тарту бойынша жетекші орынға ие болды
Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-шы пленарлық отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров инвестициялық климатты жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.
Қазақстанның жаңа инвестициялық цикліне арналған іс-шараға трансұлттық компаниялар, мемлекеттік органдардың басшылары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, санкциялық текетірестің күшеюіне, логистикалық жүйенің бұзылуына, жоғары инфляцияға байланысты әлемдегі инвестициялық белсенділіктің баяулауы аясында Қазақстан посткеңестік елдер, оның ішінде Орталық Азия мен теңізге шыға алмайтын елдер арасында тікелей шетелдік инвестицияларды тарту бойынша жетекші орынға ие болды.
«Бүгінде Қазақстан Үкіметінің алдында экономиканың көлемін екі есеге арттыру міндеті тұр және оны жүзеге асырудың негізгі факторы инвестиция тарту болып табылады», - деді вице-премьер.
Осы мақсатқа қол жеткізу үшін 2029 жылға дейінгі Инвестициялық саясат тұжырымдамасы өзектендірілді, оның шеңберінде экономика салаларының нақты қажеттіліктеріне бағытталған инвестицияларды тартудың жаңа тәсілі енгізілуде.«Атап айтқанда, инвестицияға «тапсырыс» жергілікті бизнес пен квазимемлекеттік компаниялардың жекелеген салалардағы қажеттіліктері негізінде қалыптасады. Алынған мәліметтер Аймақтық инвестициялық бағдарламаларда көрсетіледі және шетелдік мекемелер нақты шетелдік инвесторларды таргеттеуі үшін пайдаланылады», - деп қосты Нұрлан Байбазаров.
Сонымен қатар жаңа жоғары өнімді инвестициялық жобаларды инфрақұрылыммен одан әрі қамтамасыз ету экономикалық белсенділік факторларының бірі болады.
Биыл 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылым жоспары қабылданды. Жалпы құны шамамен $86 млрд болатын 204 жоба жүзеге асырылатын болады. Жоспар энергетикалық, көліктік, цифрлық инфрақұрылым, сондай-ақ сумен жабдықтау және су бұру инфрақұрылымы сынды 4 бағытты көздейді.
Бұл ретте экономиканы ырықтандыру бойынша құрылымдық өзгерістер жалғасын табады. Мемлекет бәсекеге қабілетті салаларға мемлекеттің қатысуын азайту жөніндегі жұмысты жалғастырады.
«Жаңа Салық кодексі инвестициялық циклды жандандыруға, тиімді салық преференцияларын белгілеу мен шетелдік және қазақстандық инвесторлар үшін қолайлы әрі тұрақты жағдай жасауға мүмкіндік беретін болады», - деп түйіндеді сөзін вице-премьер.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -