Қазақстандық десантшылар EFES-2024 көпұлтты оқу-жаттығу барысында плацдармды басып алды
49 елден 11 мыңға жуық әскери қызметші қатысып жатқан EFES-2024 халықаралық көпұлтты оқу-жаттығуының белсенді кезеңі бастау алды.
Түркияның Ұлттық қорғаныс министрі Яшар Гюлермен бірге қатысушылардың әрекеттерін әскери атташе генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласов және ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің Бас штаб бастығы генерал-майор Мереке Көшекбаев бақылауда.
Оқу-жаттығу барысында қазақстандық десантшылар түрік әскери қызметшілерімен бірлесіп шартты қарсыластың көзін жою міндетін орындады.
35-ші десанттық-шабуылдау бригадасында қызмет атқаратын гвардия капитаны Мұрат Ибрагимов алдыңғы қатарлы авиатасымалдаушылар DLIRIL-30 жүйесін және түнде көретін ASELSAN A-600 құралын қолдана отырып, түнгі жағдайда шартты қарсыласқа жасырын жақындау және армия авиациясын бағыттау жөніндегі тактикалық нормативтерді орындады.
Жергілікті жерді белгілеу тобына кіретін әскери қызметшілер ішінде жоғары кәсіби деңгейін көрсеткендер – аға лейтенант Данияр Қасымханов (18404 әскери бөлімі), гвардия аға лейтенанты Шерзод Ескермесов (32363 әскери бөлімі) және лейтенант Нұрлан Жантілеев (61993 әскери бөлімі). Жеке құрам шартты қарсыластың аумағында плацдармды басып алу міндетін атқарған шабуыл жасақтарымен армия авиациясы қонатын алаңдарға барлау жасады.
Түркиялық әріптестермен тапсырманы үйлесімді орындаған қазақстандық десантшылардың шебер іс-қимылдарының арқасында барлық нысан алынды. Бұл біріккен әскер тобының негізгі күштеріне келесі шабуылға көшуге мүмкіндік берді.
EFES-2024 халықаралық көпұлтты оқу-жаттығуы – өңірдегі ең ауқымды оқу-жаттығу екенін айта кеткен жөн. Ол тәжірибе алмасу және оған қатысушы елдердің бірлескен іс-әрекетін ұйымдастыру, сонымен қатар әскери қызметшілердің кәсіби даярлық деңгейін арттыру мақсатында өтеді. Жаттығудың белсенді кезеңі 30 мамырда аяқталады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -