Қазақстанның бағалы қағаздар нарығының 2024 жылғы 1 мамырдағы жай-күйі туралы
Акциялар нарығын капиталдандыру 2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша негізінен «Эйр Астана» АҚ (-10,0%), «Kaspi.kz» АҚ (-7,8%) және «Кселл» АҚ (-4,4%) акциялары бағасының төмендеуі есебінен 2024 жылғы сәуірде 1,1%-ға немесе 346,2 млн теңгеге (2024 жылдың басынан бастап 14,0%-ға өсу) азайып, 30,5 трлн теңгені құрады.
2024 жылғы сәуір айында акциялармен сауда-саттық көлемі негізінен «ForteBank» АҚ, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ және «Қазақтелеком» АҚ акцияларымен сауда-саттық көлемінің ұлғаюы есебінен бір айда 61,5%-ға немесе 8,2 млрд теңгеге ұлғайып, ағымдағы жылғы сәуірде 21,5 млрд теңгені құрады.
2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша «Қазақстан қор биржасы» АҚ (бұдан әрі – KASE) сауда тізімдерінде 85 эмитенттің 100 түрлі акциялары болды.
2024 жылғы сәуірде KASE индексі 1,3%-ға 5 011,6 тармаққа дейін азайды (2024 жылдың басынан бастап 19,7%-ға өсті).
«KASE Global» секторында 2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 46 түрлі акция, 54 шетелдік эмитенттің 11 ETF болды. «KASE Global» секторындағы сауда-саттық көлемі бір айда 15,6%-ға немесе 0,4 млрд теңгеге азайып, 2024 жылғы сәуірде 2,2 млрд теңгені құрады.
KASE-де саудаланатын корпоративтік борыштың көлемі 2024 жылғы сәуірде 13,6 трлн теңгеге дейін 0,8%-ға немесе 106,5 млрд теңгеге ұлғайды (2024 жылдың басынан бастап 0,5%-ға өсу).
2024 жылғы сәуірде KASE-де корпоративтік облигациялармен сауда-саттық көлемі өткен аймен салыстырғанда 2,7%-ға немесе 3,1 млрд теңгеге 111,8 млрд теңгеге дейін азайды. 2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша KASE сауда-саттық тізімдерінде 115 эмитенттің корпоративтік облигацияларының 420 шығарылымы болды.
2024 жылғы сәуірде корпоративтік облигациялардың бастапқы нарығының көлемі 49,1 млрд теңгені құрады, бұл 2024 жылғы наурыздағы көрсеткіштен 48,1%-ға немесе 45,4 млрд теңгеге аз.
KASE-де саудаланатын мемлекеттік борыш 2024 жылғы сәуірде 3,0%-ға немесе 720,3 млрд теңгеге 24,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2024 жылдың басынан бастап 4,3%-ға өсті).
KASE-де мемлекеттік бағалы қағаздармен сауда-саттықтың жиынтық көлемі 2024 жылғы сәуір айының қорытындысы бойынша 789,5 млрд теңгені құрап, бір айда 53,2%-ға немесе 274,3 млрд теңгеге ұлғайды.
МБҚ бастапқы нарығындағы сауда-саттық көлемі 46,0%-ға немесе 194,1 млрд теңгеге 616,2 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Бұл ретте, орналастырудың барлық көлемі жылдық 10,74 - 12,25% орташа алынған кірістілікпен Қаржы министрлігіне тиесілі.
Ұжымдық инвестициялау нарығында 2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 51 инвестициялық пай қоры жұмыс істеді, оның ішінде 25 аралық, 25 жабық және 1 ашық пай қоры.
Ұжымдық инвестициялар нарығындағы басқарудағы активтер 2024 жылғы сәуірде 2,4%-ға немесе 6,9 млрд теңгеге азайып, 2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 273,8 млрд теңгені құрады. 2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша бағалы қағаздар портфелі 241,6 млрд теңгені немесе инвестициялық пай қорларының жиынтық активтерінің 88,2%-ын құрады.
2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша бағалы қағаздар нарығының институционалдық құрылымына 40 брокер мен дилер (16 банк және 24 банктік емес ұйым), 11 кастодиан-банк, 21 инвестициялық портфельді басқарушы, 3 трансфер-агент, сондай-ақ 3 инфрақұрылымдық ұйым: KASE, KASE Клирингтік орталығы және бірыңғай тіркеуші мен сауда репозиторийінің функцияларын орындайтын Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі кірді.
2024 жылғы сәуірде Орталық депозитарийдің номиналды ұстау жүйесіндегі шоттардың саны 0,3%-ға немесе 9 мың шотқа ұлғайып, 2 802 мың шотты құрады, оның ішінде:
- депоненттер клиенттерінің қосалқы шоттарының саны 708,9 мың қосалқы шотқа дейін 1,5 мыңға немесе 0,2%-ға ұлғайды (2024 жылдың басынан 12,4 мыңға немесе 1,8%-ға өсті);
- брокерлер ашқан және жинақталған омнибус-шоттар арқылы есепке алынатын дербес шоттар саны 2 093 мың шотқа дейін 7,9 мыңға немесе 0,4%-ға өсті (2024 жылдың басынан 344,1 мыңға немесе 19,7%-ға өсті).
Бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың активтері негізінен 2024 жылдың сәуір айында есептелген комиссиялық сыйақыларды және кері репоны азайту (2024 жылдың басынан бастап 3,2%-ға төмендеген) есебінен 1,0%-ға немесе 6,9 млрд теңгеге азайып, 2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 680,3 млрд теңгені құрады. Міндеттемелер 214,4 млрд теңгеге дейін 0,1%-ға немесе 0,2 млрд теңгеге шамалы азайды (2024 жылдың басынан 10,8%-ға азайды). Меншікті капитал негізінен бөлінбеген пайданың және басқа да жиынтық кіріс арқылы әділ құны бойынша есепке алынатын бағалы қағаздарды қайта бағалауға арналған резервтің азаюы нәтижесінде 465,9 млрд теңгеге дейін 1,4%-ға немесе 6,7 млрд теңгеге азайды (2024 жылдың басынан 0,7%-ға өсті).
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -